Хабар телеарнасы

Еліміздегі алғашқы жерасты жолының құрылысы аяқталуға жақын

Түркістан облысының Түлкібас ауданында 10 жылдан бері салынып жатқан тоннель биыл қараша айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов хабарлады. «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойындағы жерасты жолының жалпы құны — 8,5 млрд теңге. Екі жолақты тоннельдің ұзындығы — 840, ені — 13 метр. Қазір төбесін бетондау жұмыстары толығымен аяқталған. Енді ішін әрлеу, асфальт төсеу, электр жүйесімен қамту және дренаждық жұмыстары жүргізілуде. Жерасты жолы 2016 жылы тапсырылуы тиіс еді. Алайда бастапқыда құрылыспен айналысқан ирандық компания талаптарды орындай алмай, жұмысты аяқсыз қалдырды. Кейін бұл жоба Әзірбайжандық компанияға тапсырылды. 

Нұржан Ізтілеуов, Түлкібас ауданының әкімі:
-Олардың жан-жағындағы сервистік орталықтар да, вертолет ұшып, қонатын жерлерде бәрін біз тиісті жер мәселесін аудан тарапынан шешіп бердік. Өздеріңіз білесіздер, жылда осы Шақпақ бабаның тұсында қатты жел тұрады. Боран болып, жол жабық болады үнемі. Күрежол ауылдың ішімен өтіп жатыр ғой. Ауылдың ішіндегі қауіпсіздік те сол тоннельге байланысты болып отыр. Осы тоннель пайдалануға берілгесін біраз мәселе шешімін табатын болады.