Хабар телеарнасы

Елде репродуктивті денсаулыққа арналған мектеп ашылады

Елдегі 1 мың жасөспірім қыздың 30-ы жүкті болады. Мұндай жаға ұстатар статистикамен «Жария халықаралық орталығының» жетекшісі Қанат Мырхайдаров бөлісті. Оның сөзінше, кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің, түсік тастау мен жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын-алудың жолы бір...  Ол — репродуктивті денсаулық жайлы құлақтандыру. Дәл осы мақсатта «Жастар денсаулығын сақтау» жобасы іске асуда. Әр өңірде мектеп оқушылары, колледж бен университет студенттері үшін арнайы оқу өткізілмек. Гинеколог, уролог, репродуктолог мамандар 2 айда Астана қаласы мен Қызылорда облысында 100-ден астам еріктіге тәлім берген. Енді жастар репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша өз құрдастарын оқытатын болады.

Қанат Мырхайдаров, «Жария халықаралық орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі:
-Үш жылға дейін осы жоба атқарылады. Біз жалпы осы жобаның ішінде Қазақстан бойынша 100 мың жасөспірімді қамтимыз деген жоспар құрып жатырмыз. Ол ақпараттық жұмыс, тікелей көмек көрсету және волонтерларды дайындап, кейін жоба бітіп жатса да, осы волонтерлар әрі қарай жалғастырып кетеді деген мақсатымыз бар.