Хабар телеарнасы

Алматы-Қапшағай бағытындағы ақылы жол көлік жүргізушілерін азапқа салды

Демалыс күндері көлден қайтқан көліктерді терминал тежейді. Ал терминал «Қазавтожол» ұлттық компаниясының меншігінде. Жалпы бұл жыл сайын жаз айларында қайталанып тұратын жағдай. Терминал жұмысына қатысты көлік жүргізушілері қанша рет сын айтты. Алайда компанияның терминал әлі алуға асықпайды.

Алматы-Өскемен Республикалық күре жолы. Ақылы жол арқылы сапарға шыққандар Алматыдан Қапшағайға, Балқаш пен Алакөлге барады. Жол бойында төлем терминалы бар.

Терминалда жеңіл көлік тізгіндегендер 100 теңге төлесе, жүк көліктерінен 400 теңге ақы алынады. Төлемді алдын ала жасап қойғандар көп бөгелмей, кезек күтпей өтуіне болады. «Алайда ақшаны қолма-қол төлеушілер уақыт ұстайды. Кейде терминалдың өзі ұзақ ойланады. Сондай сәтте ұзын сонар кептеліс болады»,— дейді жүргізушілер.

Мерей Шахарбаев «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» филиалы директорының орынбасары:
-Сол жағдай орын алып тұр. Бізде жол пайдаланушылары шлагбаум алдына келген кезде ғана өздерінің қарыздарын көріп, сол жерде алдын-ала төлем жасап, тұрып қалады. Сол үшін арттағы көліктерді ұстап қалады. Негізі болашақта жоспарымызда бар ашық жүйе жасау, ол жерде терминал болмайды.

Ал терминал қашан алынатыны, арнайы есептеуіш құрылғылар қай кезде орнатылатыны әзірге белгісіз. Оған дейін әр демалыс сайын бұл жерде кептелістің қалыптаса беретіні анық.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов