Хабар телеарнасы

БҚО-да шалғай ауылдарға еңбек етуге барған дәрігерлерге 5 млн теңге беріледі

Батыс Қазақстан облысында шалғай ауылдарға еңбек етуге барған дәрігерлерге 5 млн теңгеге дейін бір реттік төлем беріліп жатыр. Әлеуметтік жоба шеңберінде алғашқылардың бірі болып Жаңақала аудандық ауруханасына бес дәрігер қабылданды. Олардың үшеуі жалпы тәжірибелі дәрігер, екеуі педиатр мен қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері. Мамандарға аймақ қазынасынан 2,5 млн теңге, ал аудандық бюджеттен 345 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Сонымен қатар олар қызметтік пәтермен қамтамасыз етілген. Облыста қазір 250-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. 

Ербол Сәрсенғалиев, Жаңақала аудандық ауруханасының директоры:
-Үш жыл жұмыс істеу керек осы ауданда. Үш жылдан кейін болды. Ұнаса қалады, ұнамаса басқа жерге, ауылға баруға болады. Қазіргі уақытта бес маманның ішіндегі екі маман биыл бітірген, үшеуі 10 жыл, 7 жыл, 5 жыл тәжірибесі бар.

Жәнібек Оспанов, аудандық аурухананың бөлім меңгерушісі:
-Дәрігерлерінің жұмысын біз сыртқа көрсетеміз: дәрігерлер қанша прием жасады, стационарда қанша ауру жатты, соның бәрін біздің отдел қадағалайды. Көмек болды және жалақысы да өте жақсы. Солардың бәрін ойластырып, жанұяммен ақылдасып, осында келуге шештік.