Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысында құнды жәдігерлер табылды

Ақтөбе облысында ғұн-сармат тайпаларынан қалған құнды жәдігерлер табылды. Қобда ауданының аумағындағы Дербісәлі-2 қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жерленген жауынгердің қылышы, ағаштан және қыштан жасалған ыдыстар, күміспен қапталған моншақтар, айна, түйреуіштер мен тұрмыстық заттар анықталды. Қорған біздің заманымыздың 2-4 ғасырында пайда болған. Зерттеуші ғалымдардың болжамынша, бұл маңда 48 нысан бар. Бүгінге дейін оның жетеуі зерттелген. Бірінде ғибадатхана болғаны анықталып отыр. Айта кетейік, археологиялық кешенді зерттеу жұмысы өңірде үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 400-ге жуық қорған табылған. 

Аслан Мамедов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері:
-Қабірдің үш бұрышына арнайы тығып заттар қойған. Мысалыға, тұтқасы сүйектен жасалған пышағы қойылған. Одан кейін қыштан жасалған ыдыс қойылған. Ағаштан жасаған ыдысы бар, оны да жасап қасына қойған. Сондай жауынгер жерленген. Ғибадатхананың қасындағы қорғанда жерленген адамдар сол қоғамда тәуелділеу орын алған сияқты. Осының өзі бізге көп мәлімет беріп тұр.