Хабар телеарнасы

Жезқазғанда 48 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылды

Жезқазғанда 48 көпқабатты үйдің қасбеті жөнделіп, ескі ғимараттар жаңа кейіпке енеді. Қала көркін сақтау және ескірген үйлерді қалыпқа келтіруге арналған жобаға жергілікті қазынадан 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар ол үйлердің кіреберістері де жаңартылады. Терезелері ауыстырылып, шамдар қойылады. Жаңарту жұмыстары қаланың орталық ауданында орналасқан үйлерден басталмақ. Жалпы Жезқазғанда көпқабатты үйлердің дені тозған. Сондықтан олардың қасбеттерін жаңалау биылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Арман Мұхамбедия, мердігер компания өкілі:
-Үйдің отмосткасын құямыз. Шофтарын жағамыз. Құлаған жерлері бар, ескі үйлер ғой шамалы олардың барлығын жаңартамыз. Жаңадан құйып шығамыз. Үйдің өзінің бояуы болады әр түспен. Соларды бояп шығамыз.

Торғын Ескендірова, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:
-Биылғы жылы 48 үйдің қасбетін жөндеу басталып кетті. Жылдың аяғына дейін қосымша 17 үйді жөндеу жоспарда. Ал келесі жылға келетін болсақ, тағы 21 үйдің қасбетін жөндеу жоспарлануда.