Хабар телеарнасы

Шетелдегі қазақ балалары Бурабайда демалып жатыр

Шетелдегі қазақ балалары Бурабайдың баурайында бас қосты. 8 мемлекеттен келген 200-ге жуық бала курорттық аймақта демалып жатыр. Жазғы лагер үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда оқушы саны екі есеге артқан. Оларға қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық ойындары насихатталады. 

Нұргүл бала күнінен домбыра тартады. 10-нан астам ән біледі. Болашақта қазақ тілі маманы болуды армандайды. Бір қызығы, өнерлі өрен биыл халықаралық байқауға қатысып, Қызылордадағы Қорқыт Ата университетіне грант ұтып алған.

Нұргүл Олжабаева, оқушы, Өзбекстан: 
- Атажұртқа айтар алғысымыз өте шексіз. Шекарадан аттаған кезде бізде бір ыстық сезім болады. Отанға деген. Тіпті көңілден жылап жіберетіндей дәрежеде болғанбыз. Біз Өзбекстанда тұрғанымызбен өзіміздің қазақ мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптамызды дамытудан жалықпай келе жатқан халықпыз.

Демалуға келген балғындардың барлығы түрлі байқаудың жүлдегерлері. Оқушылардың дені Ресей, Өзбекстан және Моңғолиядан келген. Ал Белоруссия мен Ираннан тек бір оқушыдан бар.

Пуяға бұл өлеңді атасы жаттатыпты. Парсы тілінде білім алса да, өз тілін ұмытпай, түрлі кітап оқып тұрады екен.

Пуя Павиз, оқушы, Иран:
- Болашақта әрине, мен Қазақстан оралу ойда бар. Өйткені бұл біздің атамекеніміз. Осы жерге келіп, білім алып, қызмет еткім келеді.

Демалыс уақытында оқушыларға түрлі сабақ ұйымдастырылады. Негізгі екпін - алаштану мен Қазақстан тарихына жасалып отыр. Биыл лагерьдегі оқу бағдармаласына бірқатар өзгерістер де енгізілген.

Дидар Болат, «Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі: 
- Осы жылы лагерьдің бағдарламасы этно болды. Ағылшын тілі жоқ, тек қана қазақ тілі. Домбыра тарту, алаштану, жасанды интелектімен жұмыс істеу сияқты жаңашылдықтар қостық. Бағдарламаға қазақ рухын ояту үшін, қазақ боламын дегені үшін ауыстырдық.

Оқушылар 14 шілдеге дейін демалады. Жалпы этникалық қазақ балаларын қолдау тек осымен шектелмейді. Жыл сайын қазақстандық жоғарғы оқу орындарында өзге мемлекеттердегі қандастарымыз білім алуы үшін 6 мың грант бөлінеді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка