Хабар телеарнасы

Жазда құс етіне сұраныс азайды

Отандық кәсіпкерлер құс еті импортын шектеуді сұрап отыр. Айтуларынша шетелдік өнім, Қазақстан нарығын жаулап алуда. Ал олармен бәсекелесуге барлық құс фабрикасының шамасы жетпейді. Сондықтан 10-15 мың тонна етті қоймаларда сақтап, сатуға шығара алмай отыр. Негізі еліміз өзін құс етімен толық қамти алмайды. Біз әліде сырттан сатып алуға мүдделі әрі мүжбүрміз. Сонда сырттан әкелуді тоқтату деген бастаманың мәні неде?

Импорт шектелсін. Бұл ұсынысты ортаға тастаған «Қазақстан құс өсірушілер одағының» президенті Руслан Шәріпов. Бастаманың мәнісін түсіну үшін қазіргі өндірістің көлеміне тоқталсақ.

Қазақстандағы құс фабрикаларының 36-сы жұмырқа шығарса, 29-ы ет өндіруге машықтанған. Олардың күшімен жылына 300 мың тонна ет дайындалады. Ішкі тұтынуға жетпейтін 150 мың тоннасын сырттан сатып аламыз. Сонда импорт шектелсін деу қаншалықты қисынды?

Бар мәселе көкөніс пен жеміс-жидекте екен. Күн жылынған соң адамдар етті тұтынуды азайтып дәруменге бай өнімдерге көшеді. Міне сол кезде өзіміздің құс фабрикалары сұранысымызды еркін жаба алады. Тіпті өнім артылып қалады екен. Қазір шамамен 15 мың тонна құс еті қоймаларда сақталып тұр.

Руслан Шәріпов, «Қазақстан құс өсірушілер одағы» ЗТБ президенті:
-Нарықты өзіміз қамтамасыз етеміз. Қазір жеткілікті болып тұр. Біз олармен бағамен бәсекелесе алмаймыз. Олар арзан бағамен әкеліп магазиндерге тастайды. Ресей бәріне кіріп сол нарықтарды бізден алып алды.

Импорттаушы елдер қатарында көршімізден бөлек АҚШ, Украина, Түркия мен Баразилия да бар. Ал біз былтыр Өзбекстан, Монғолия, Ресей мен Қырғызстанға 21 мың тонна экспорттаппыз.

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
-Мынаны кіргізбей қояйық деген нәрсе болмайды. Өйткені біз халықаралық келісімшарттарға отырған, халықарылқ ұйымдарға құрамдас болып келетін мемлекетпіз ғой. Мұны ауыл шаруашылық министрлігі ғана шешпейді ғой. Үкіметаралық комиссия бар. Ведмоствоаралық комиссия бар. Соның қарастыруына шығады. Егерде олардың ұсыныстары негізі бар, егерде кәсіпорындарымыз жабылып қалады деген үрей болатын болса онда қарастыруға шығады.

Дәл қазір отандық фабрикалар ішкі нарықты құс етімен 70% қамтып отыр. Жоспар бойынша алдағы 2-3 жылда бұл көрсеткіш 100% жетуі керек. Оған дейін импортты шектеу мәселесі ашық күйінде қалатын сияқты.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхметәлі Тілдебаев