Хабар телеарнасы

Такси жүргізушілері мен мобильді қосымшалардың курьерлеріне жаңа мәртебе беріледі

Такси жүргізушілері мен мобильді қосымшалардың курьерлеріне жаңа мәртебе беріліп, тәуелсіз жұмыскерлер санатына кіреді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді. Салық режиміне сәйкес жұмыскерлерге платформа операторлары, салық төлемдерді және әлеуметтік аударымдарды жібереді. Жалдамалы жұмыскерлер секілді республикалық бюджеттен, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан және сақтандыру компанияларынан әлеуметтік төлемдерді алуға құқылы болмақ. 

Одан бөлек 1 шілдеден бастап әлеуметтік қолдаудың барлығы бір құжат арқылы реттеледі. Себебі 9 заң күшін жойып, адамның бүкіл өмірін қамтитын жаңа кодекске 50-ден астам заңнамалық өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі: 
- Енгізілген оңтайлы режимдер бүгінгі қызметкерлерден қосымша тіркеуді талап етпейді. Қосымша қаржылық жүктеме болмайды. Жұмыс берушілердің қызметкерлерге қоятын талаптарымен байланыстыратын «Кәсіби біліктілік туралы» заң әзірленді. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізілуде. Басқа да азаматтарға жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процесстері толық цифрланады.