Хабар телеарнасы

Сенат самокаттарға қатысты жаңа ережелерді мақұлдады

Заңнамадағы өзгерістер енді Президенттің қол қоюы үшін Ақордаға жіберіледі. Ал осы құжатқа сай электрлі самокаттарға жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі. Алайда жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Сондай-ақ оны тізгіндеушінің 18 жасқа толуы және жүргізуші куәлігі болуы міндет. Басына арнайы шлем киіп, түнгі уақытта жарық белгілерін тағуы да міндеттеледі. Ал самокат тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүргенде жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауы тиіс. Дегенмен Заңның әлі де шикі тұстары көп. Мәселен, жылдамдықты асырғаны қалай анықталады? Сондықтан ережелер жарты жыл көлемінде сынақтан өткізілмек. 

Қайрат Сұлтанбаев, ҚР ІІМ комитет төрағасы: 
- Жаңа Сенат спикері де айтып кетті, 6 ай көлемінде біз осыны қарастырып көрейік. Бұл алғашқы қадам. Енді бірінші рет көріп отырмыз ғой. Заңның шеңберінде бүгінгі қойылған талаптарды біз практикада іс жүзінде қарастырып көреміз. Егер де кейбір олқылықтар болса, соған толықтырулар енгізуге біз дайынбыз.