Хабар телеарнасы

Күміс волонтерлар: ақтөбелік жұптың қайырымдылықпен айналысуына не түрткі?

Жақсылық жасау — міндетім! Бұл Ақтөбелік қариялардың өмірлік ұстанымына айналған ұран. Алпысты алқымдаған ерлі-зайыпты Қуаныш пен Раушан Төртбаевтар - өңірдегі еріктілер бірлестігінің белді мүшесі. Жастар өз арасында бұл жұпты «күміс волонтерлар» деп атайды екен. Қос азаматтың қайырымды іспен айналысуына не түрткі болған? 

Көктемгі тасқын кезінде баспанасына су кірген жандарға қажетті киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдарды үлестіріп жүрген Раушан Төртбаева - жомарт жандардың жылуын жеткізуші. Жүрегі нәзік волонтер қиын жағдайға душар болғандардың тағдырын жүрегіне жақын қабылдайды. «Жауынды күздің бірінде отын-суы жоқ қуықтай бөлмені паналап отырған отбасын көргенде елжіреп кеттім», - дейді. Мүгедек ананың шиіттей балаларын жеткіземін деп шырылдағаны жанына қатты батқан.

Раушан Төртбаева, волонтёр:
-Сол күні сол отбасына азық-түлікті де жіберіп, есік те қойылды, су да кіргізілді, газ да өткізілді халықтың арқасында. Үш баласы үш жақтан жабысып, көз жасын жылағаны әлі есімде сол.

Нәзік жанды зайыбын отағасы әрдайым қолдауға әзір. Волонтерлер бірлестігіне де жеті жыл бұрын бірге кірген. Қолда барын мұқтаж жаннан аямайтын қайырымды қария әлемді жайлаған жаман дерт Ақтөбеге жеткенде нағыз сынға тап болдық деп отыр. Еріктілер қозғалысының шыңдалған сәті де сол кез.

Қуаныш Төртбаев, волонтер:
-Қасымда жүрген қыз-жігіттердің барлығы ерледі. Әсіресе ер азаматтар төте келген сырқатқа дес бермей, барлық ауруханаларға оттегі балондарын жеткізді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдау көрсетті. Қорғаныш киімдерін киіп, азық-түлікті де тасыды.

Зейнет жасына таяған ерлі-зайыптыларды еріктілер бірлестігінде «күміс волонтерлер» деп біледі. Егде жастағы еріктілер ізбасарларына да медеу, өзгелерге үлгі боп жүр.

София Молодоженя, волонтер:
-Волонтерлер күнделікті түрлі жағдайға тап болады. Жан-дүниеңнің қуанатын да, күйзелетін де кезі жиі болады. Көмек көрсетіп жүрген адамның тағдырын жүрегіңмен қабылдап, жылап та алатын кез аза емес. Сондықтан Қуаныш аға мен Раушан апа бізді сабырға шақырып, байсалды болуды үйретеді. Сол үшін де алғысымыз шексіз.

Қазір Ақтөбе облысында мыңдаған белсендінің басын біріктірген бірнеше волонтерлік бірлестік бар. Олардың қолдауына мұқжат жандар да аз емес.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков