Хабар телеарнасы

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде БЖЗҚ белгіленбек

«Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгіленбек. Бұл жөнінде тиісті заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ айтты. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын кәмелет жасына толмаған балаларға тең бөлінеді. Қаржыны тек екі мақсатта, яғни білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе тұрғын үй сатып алуға ғана жұмсауға болады. Алайда екінші жағдайда қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Бір отбасы перзенттері 18 жасқа толғанда қаражатын біріктіре алады. Ал Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдер тоқтатылады.

Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-18 жасқа дейін бұл қаражатты алуға болмайды. Бұл қаражат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында счетқа келіп түсетін болады. Сол счетқа түскен қаражатты ешқандай құзіретті органдар оған шектеу қойып, тыйым салып, арест салуға олардың ешқандай құқығы жоқ және бұл түскен қаражатқа ешқандай салық салынбайды. Бұл қаражат АҚШ долларында есептеледі.