Хабар телеарнасы

СҚО-да жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қыза түсті

Өңірде биыл 50-ге жуық мектепке кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазірдің өзінде мамандар кейбір нысандардың шатырын ауыстырып үлгерген. Жаңа мектептердің де құрылысы жүріп жатыр.

Петропавлдағы №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп кешенінде 1300-ден астам оқушы екі ауысымда оқиды. Ол 1987 жылы пайдалануға берілген. Осыған дейін терезелері жаңартылса, енді шатыры түбегейлі ауыстырылып жатыр. Бұл мақсатқа 39 миллион теңгедей қаржы бөлінген.

Әйгерім Уәлиева, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп кешенінің директоры:
-Мектебіміз жалпы төрт блоктан тұрады. Бұған дейін жүргізілген күрделі жұмыс түрлері осы төрт блокта әртүрлі жылдары жүргізілген болатын. Бір уақытта жүргізілмегендіктен шатырынан су кетті. Туындаған мәселе бойынша сараптама жасалып, талдау жұмыстары шын мәнінде жөндеудің қажет екені анықталды.

Бүгінде аталған білім ошағының электр жүйесі де сын көтермейді. Ол келер жылы ауыстырылады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Жалпы өңірде оқу жылы аяқталысымен жөндеу жұмыстары қарқын алды. Биыл 49 білім ошағы қалыпқа келтірілмек. Оның жартысы ауылдық жерлерде орналасқан. Яғни нысандардың жылыту жүйесі, есік-терезелері және шатыры жаңаланады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 4,3 миллиард теңге бөлінді.

Нәзір Жәшібеков, облыстық Білім басқармасының басшысы:
-Облысымызда төрт апатты мектеп бар. Оның үшеуі Тайынша ауданында. Қазіргі таңда екі мектеп салынуда. Тайынша қаласында 600 орындық мектеп биыл аяқталады және Вешневка селосында 120 орындық мектепті биыл бітіреміз. Одан бөлек Драгомировка аулында 120 орындық мектеп жоспарлануда. Қазір ПСД дайын толық. Бюджеттік өтінішті бір апта ішінде береміз.

Бүгінде облыста 465 мектеп бар. Оның көбі ескірген. Сондықтан жауаптылар аталған мәселені кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр. Ал 2025 жылдың соңына дейін Петропавл қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында төрт білім ошағы салына деп жоспарланған.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков