Хабар телеарнасы

Jusan Bank тобы қазақстандық юрисдикцияға қайтарылды

Биыл өткен жылдың қаңтар-мамырындағы көрсеткішпен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 4,5% өсті. Алдағы уақытта Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыруға мән бере бермек. Жаңа инвесторларға және экспорттаушыларға қолдау көрсетіледі. Бизнеске қолайлы жағдай жасалады. Бұл туралы Үкімет үйінде айтылды.

Сонымен қатар Jusan Bank елге қайтарылды. Енді заң аясында мемлекеттік құрылымдардың бақылауымен жұмыс істейді. Бұл Президенттің сыртқа шығарылған активтерді қайтару туралы тапсырмасын іске асыру нәтижесінде жүзеге асты. Былтыр Бас прокуратура банк секторына талдау жүргізген. Сөйтіп осы қаржы ұйымының активтерін басқаруға қатысты көлеңкелі схема анықталған. Яғни компанияны бақылау құзыреті, іс жүзінде шетелде тіркелген ұйымдарға берілген болып шықты. Бұл «Jusan Bank» арқылы дивидент табысын алатын оқу орындарының қаржылық жағдайына қауіп төндірді. Ондай білім ұйымдары қатарында «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бар. Енді банк қазақстандық білім беру орындарын қаржыландыруды жалғастыруға міндеттелді және бұған дейін алған мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтаратын болды

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
-Биыл құзыретті органдардың іс-әрекетінің арқасында Jusan тобы қазақстандық юрисдикцияға қайтарылған. Қазіргі таңда сәйкес құжаттарға қол қойылған. Мемлекет басшысының шығарылған активтерді қайтару бойынша тапсырмасы әрі қарай жүзеге асырылып жатыр.