Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында кәсіпкерлерге 1,5 млрд теңге қайтарылады

Жамбыл облысында жергілікті билік жеке балабақшаларға тиесілі 1,5 миллиард теңгені үнемдеп қалған. Айлық есептік көрсеткіш көлемі өссе де, Білім басқармасы жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін бұрынғы тарифпен қалдырған. Салдарынан, облыстағы 230 мектепке дейінгі мекемеге 4 ай бойы қаржы аз бөлінген. Мысалы, ауыл балабақшасына берілуі тиіс 50 мың теңгенің орнына 45 мың теңге төленіп келген. Балабақша иелері кәсіпкерлер палатасы мен әкімдікке шағымданған. Нәтиже болмаған соң, прокуратураға жүгінеді. Қадағалау органының араласуымен мәселе шешімін тапты. Қаржы құжаттары қайта қаралып, ақша жыл соңына дейін төленеді. Қосымша қаржының есебінен балабақшалардағы 2 мыңнан аса қызметкердің жалақысы өсті. 

Дастан Асқар, қала прокурорының орынбасары:
-Қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен 500 миллион теңгесі төленді. Жыл соңына дейін 1 миллиард теңге әлі төленеді. Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін білім басқармасының қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде басқарма басшысының орынбасары да тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Елнұр Құрманәлиева «Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы» ЗТБ филиалының төрағасы:
-Білім басқармасы мамыр айынан бастап бізге қайта есептеу жүргізді. Сол ақшаның арқасында біз осы көтере алмай отырған айлықты біздің педагогтерге, көмекшілерге, тәрбиешілерге, басқа да қызметкерлерге айлықтарын көтердік. Соның өзіне риза болып қалды қызметкерлер. Кішкентай болса да сол мөлшердің өзі біз үшін маңызды болды.