Хабар телеарнасы

5G интернет желісі жыл соңына дейін республикалық маңызы бар қалалардың барлығына орнатылады

Астана халықаралық форумына келген шетелдік меймандар 5G мобильді интернет байланысын шектеусіз қолдана алады. Себебі Tele2/Altel байланыс операторлары арнайы роумингті іске қосқан. Жылдам интернет желісі Астанамен шектелмейді. 5G мобильді интернет байланысы Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында да жұмыс істеп тұр. Ал жыл соңына дейін елдегі республикалық маңызы бар қалалардың барлығына орнатылмақ.

Астанадағы халықаралық форум қатысушылары 5G мобильді интернет байланысын сынап үлгерді. LTE яғни 4G байланысына қарағанда 10 есе жоғары. Бір секундта кабельдік инфрақұрылымсыз-ақ бір гигабит мәлімет жіберуге қауқарлы. Меймандар бұған дән ырза. Гаджеттерін қолынан үзбей жүр.

Сергей Коньков, «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) ЖШС Бас директоры:
-Жылдамдығы расымен таңқаларлық. Абоненттер жоқ кезде сынағанда, секундына шамамен 2 гигабит көрсетті. Бұл коммерциялық желі үшін рекорд. Форумдағы қонақтарға жағдай жасау үшін, 25 елдің 31 операторымен келісіп, роумингті іске қостық. Шетелдік мейман болсын, өзіміздің азамат болсын, барлығы 5G мобильді интернет байланысын қолдана алады.

Сынағы осыдан 4 жыл бұрын басталған желі бүгінде Астананың 20 шақты мекемелері мен тұрғын үйлерінде қолжетімді. Жыл соңына дейін қосымша 200 жерге орнату жоспарда бар.

Сергей Коньков, «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) ЖШС Бас директоры:
-Жылдам мобильді байланысты іске қосу үшін 5G қолдайтын смартфон мен SIM карта ғана қажет. Қазір мұндай телефондар қазақстандықтардың шамамен 13% бар. Күзге дейін қолданушыларымызға трафиксіз шексіз желі ұсынамыз. Бұл Республика шеңберінде толыққанды коммерциялық жобаны шығармас бұрын, сынақтар өткізу үшін маңызды.

Қазір 5G пилотты режимде Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан қалаларында жұмыс істейді. Ал жыл соңына дейін республикалық маңызы бар қалалардың барлығына орнатылады.

Авторлары: Дана Әлиева, Әлібек Әлиев