Хабар телеарнасы

Текеліде ауызсу тапшы

Жетісу облысындағы Қазақстанның Швейцариясына баланған Текелі қаласының тұрғындары ауызсу тапшылығын тартып отыр. Өйткені орталықтандырылған ауызсу жүйесіндегі Қора мен Шажа өзенінен келетін су жаздың күндері мұздықтардың еруіне байланысты ішуге жарамсыз болып қалады. Жергілікті атқарушы билік өкілдері осындай олқылықты болдырмау үшін бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, қалаға артезиан суын тарту жұмыстары басталғанын айтты. 

Текелі қаласының тұрғындары ауызсуды тап қазір дүкендерден сатып алады. Оған жағдайы жетпегендері, міне, мына бұлақтан келіп алады. Өйткені орталықтандырылған ауызсу жүйесіндегі су лайланып кеткен.

Байқап отырғанымыздай бұлақ басында адам көп. Кейбірі жаяу, кейбірі көлігімен келіп, үйлеріне су алып кетіп жатыр.

-Не үшін келесіз бұлаққа? 

Айбек Қайранбаев, қала тұрғыны:
-Судың жоқтығынан. Қап-қара су, қайтіп ішесің оны? Тамаққа да қоса алмайсың. Ауызсу ғой енді. Суың таза болуы керек қой барлық жерде. Суың таза болса денсаулығың да жақсы болады.

Надия Кудиярова, қала тұрғыны:
-Үйдегі кір жуғыш машинамыздың өзі судың сапасыздығынан жиі істен шығып қала береді. Ал оның бағасы удай қымбат. Әкімдіктегілерден ауызсу мәселесін тездетіп шешіп берулерін сұраймыз.

Текелі тұрғындары тәулігіне 12 мың текше метр ауызсу тұтынады. Қалада тәуліктік қуаттылығы 28 мың текше метр болатын сүзгі стансасы жұмыс істеп тұр. 4 ұңғыма бұрғыланып, қазір сол ұңғымалардан инженерлік желілерді тарту жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл мақсатқа 993 млн теңге бөлініп, жалпы көлемі 6000 текше метр болатын екі су сақтау қоймасының құрылысы басталған.

Ғалым Қызылбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
-Текелі қаласына 15 шақырым жерден су тартамыз. Мына екі қойма 3 мың текше метрден салынып жатыр. 400-дік трубамен таза суды қалаға алып келеміз.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, бұл нысан қазан айында пайдалануға беріледі. Дегенмен жоба ауызсу мәселесін түбегейлі шешіп бермейді. Өйткені Текелідегі ауызсу құбыры желілерінің 80% астамы әбден ескіріп, тозған. Қазір барлық шағын аудандардағы ескірген су құбырларын толық ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов