Хабар телеарнасы

Нұрбол Қалиев 20-ға жуық ескерткіш пен монументтің авторы атанды

Семейде тарихи тұлғалардың, оның ішінде қуғын-сүргінді көп көрген Алаш қайраткерлерінің бейнесін сомдайтын мүсінші тұрады.

Шебер Нұрбол Қалиев осы уақытқа дейін 20-ға жуық ескерткіш пен монументтің авторы атанды. Оның қолынан шыққан туындыларға - Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола облыстары мен Астана қаласында сұраныс жоғары.

Нұрбол Қалидың шеберханасы қашан да қарбалас. Мүсінші біз барғанда тағы бір тарихи тұлғаның бейнесін сомдап жатыр екен.

Нұрбол Қали, мүсінші: 
- Қазір Құнанбайдың үзеңгілес досы болған, өзінен екі мүшел үлкен Доғал бидің ескерткішін сомдап жатырмын. Құнанбай кезінде бұл кісіге ас беріп, қатты қадірлеп, күмбезін де өзі тұрғызып берген. Құндызды дауына қатысқан, тарихта өз орны бар би. 

Шебер соңғы жылдары ұлы ақын Абайдың айналасы мен алаш тақырыбына кең құлаш ұрып жүр. Құнанбай, Абай, Ақылбай мен Турағұл, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ескерткіштері ел көңілінен шықты. Мүсіншінің жасаған үш бірдей туындысының ашылу салтанатына Президенттің өзі қатысты.

Тұрдықұл Шаңбай, Абай қорық-музейінің директоры: 
- Қазір Семей қаласының жүрегі Абай музейі, соның ең биігінде тұрған ескерткіш осы. Бұл орын қалалықтардың демалатын, Абайға бір табан жақындайтын жерге айналды. Шешімін тамаша тапқан, көркем-эстетикалық композиция болды деп айтуға болады.

Александр Махно, суретші:
- Нұрболдың өзіндік стилі бар. Оның шеберлігі - кейіпкерінің образын дәлме-дәл аша білетіндігінде. Мәселен, мына алаңда тұрған грузин шебері жасаған Абайға қараңыз. Алайда біздің жанымызға Нұрболдың Абайы, Нұрбол сомдаған Алаш қайраткерлері жақын. Мүсіншінің өзі де ұлылар туған киелі топырақта өсіп-өнген. Содан да болар, оның туындылары өзгеше. Халық жылы қабылдайды.
Оның халық жылы қабылдаған туындыларын Семей, Өскемен, Астана қалалары мен Ақмола, Алматы облыстарынан да кездестіруге болады. «Ескерткішке жансыз зат ретінде қарауға болмайды. Ескерткіш – идеология, тәрбие құралы», - дейді ол.

Нұрбол Қали, мүсінші: 
- Ұлтты тәрбиелейтін, келесі ұрпақты тәрбиелейтін ескерткіш. Бір ескерткішпен көп нәрсені айтуға, көп дүниені жеткізуге болады. Шығармашылық ескерткіш болса. Бір ескерткішпен көңілге кірбің түсіруге де болады. Шынайы, дұрыс шықпаса.

Мүсінші шет елдік әріптестерімен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Түркияның Болу қаласындағы Көрұғлы монументі мен Ресейдің Омбы шаһарындағы Амангелді Шәкенов ескерткішінде де шебердің қолтаңбасы бар.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы