Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында атбегілер мемлекет қолдауына зәру

Маңғыстау облысында асылтұқымды бәйге аттарын баптап отырған атбегілер мемлекет қолдауына зәру. Көпшілігі «Адай» жылқысын ұстайды. Жем-шөбіне айына 50 мың теңге жұмсайды екен. Ал бекітілген субсидия көлемі 20 мың теңгеден аспайды. Оның үстіне биылға бөлінген қаржыны ала алмай отыр. Себебі мемлекеттік сатып алу байқауы әлі жүріп жатыр. 

Маңғыстаулық атбегі Әлеке Бөлек «Адай» тұқымды 4 жылқы ұстап отыр. Тұлпарлары аламан бәйгеге бірнеше рет қатысып, шашасына шаң жұқтырмаған. «Көкжендет» деп аталатын сәйгүлігі биыл республикалық «Ұлы дала жорығы» жарысының іріктеу кезеңінен өтті. Ал былтыр 1200 шақырымдық шабыста топ жарған атышулы «Көкмойнақ» командасында «Дәуқара» есімді тұлпары болған.

Әлеке Бөлек, атбегі:
-Аттың жалын тартып мінгелі осының үстінде келе жатырмыз. Шаруа қожалықтарының бәріне Үкіметтен қолдау болса, осы аттарды өсіретіндей. Будандастырып, асылдандыратын мүмкіншіктер болса нұр үстіне нұр болар еді. «Адай» жылқысына қанша жылдан бері қанша азаматтар жұмыстанып жатыр, бірақ өзінің тұқымдық құжатын алған жоқ қой.

2011 жылы Ресейдің Спасск қаласында 120 шақырымдық марафон-бәйге өткен. 50-ге тарта сәйгүліктің арасынан «Адай» жылқысы топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Сол кезде шетелден келген атбегілер аласа бойлы жылқыны менсінбеген екен. Бірақ қазақтың тұлпары алыс қашықтыққа шабуға төзімділігін дәлелдеген.

Мемлекет басшысы бұған дейін Маңғыстауға сапарында шөлге шыдамды, алыс жолға төзімді «Қазақ-Адай» жылқысын әлемге таныту арқылы брендке айналдыру керектігін айтып, оны ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде танып-көбейту үшін Үкіметке тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсырған болатын. Алайда ол келер жылға қалған сыңайлы.

Бердібек Марқабаев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Біз жоғары жаққа ұсынысымызды бердік. 2024 жылдан бастап қаралады деп бізге Ауыл шаруашылығы министрлігі айтып отыр. Бұл жерде, асылтұқымды «Адай» жылқысы атағын алу ғой біріншіден. Қазір тек жем-шөптеріне ғана субсидия алып отыр, 20 мыңнан. Ертең ғылыми түрде дәлелденіп, өзінің сертификатын алатын болса, әрі қарай да субсидия алуы жолдары ашылады.

Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов елді мекенінде «Адай» жылқысын баптап отырған 21 атбегі бар. Бұған дейін әр жерде дайындық өткізіп келген азаматтарға биыл ауыл іргесінен 2,5 шақырымдық жер телімі берілді. Енді өңірлік деңгейдегі бәйгелер Каспий жағасындағы ойда өткізілуі мүмкін.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев