Хабар телеарнасы

Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл

Осы уақыт аралығында еліміз әскери қуаттылығын арттырып, әлемдік аренада жоғарылай түсті. Бұл — елге қауіп төнген жағдайда қорғаныстың аймауыттай мығым екеніне айғақ. Тиісінше әскери бөлімдердегі оқу-жаттығуларға да заманауи әдістемелік өзгерістер енген. Ал бүгінгі сарбаздардың бір күндік өмірі қалай өтеді? Оларға қойылатын ендігі талап қандай? Тілшіміз Нұрлан Әбдікәрім елордадағы 68665-ші бөлімге барып, десанттық-шабуылдаушы бригаданың оқу-жаттығуын көріп қайтты

Әскер. Бозбала жігітті ержеткізетін, намысты қайрап, қайсар мінезді болуды үйрететін мектеп. Жас жігіттер мұнда жылдам киінуден бастап, сапта түзу жүруге дейін меңгереді. Түрлі ұрыс қимылдарын икемдеп, мылтықты қолға алып, арнайы операциялар жүргізеді. Ал оқу-жаттығудағы мұндай көрініс құдды соғыс фильміндегідей шытырман әрі үрейлі.

Алғашқы келген жылдары талап пен тәртіпке үйрену қиын. Мәселен, Ернар Құттыбек өткен жылы күзде әскер қатарына шақырылған. «Түркістандық жігіт әскердегі күн ауылдағыдай алаңсыз емес, таңғы алты тұрып, жаттығу жасаудан басталады»,— дейді.

Ернар Құттыбек, Қатардағы жауынгер:
-Өзім кішкентай кезімнен әскерге баруды армандадым. Өзімнің ағам да, әкем де, атам да, туыс бауырларым да әскерге барған. Әскер деген бір мектеп екен. Сенің бүкіл өміріңде болатын нәрсені бір жылда үйренесің.

Мамандар сарбаздарды жердегі әрекеттерге ғана емес, парашютпен секіру бойынша да оқытады.

Иә, бұл десанттардың әуедегі іс-қимылдарын пысықтайтын жер. Қазір ғана парашютті қалай ашу керек екені көрсетілді. Үш секунд санап тетікшені тарту керек. Егер де парашют ашылмаса қосымшасын іске қосу керек. Мұнда сарбаздар 6 ай бойы дайындалады. Содан соң ғана ұшақтан секіруге рұқсат алады. Алғашы секіру 800 м басталады.

Мұнда 400-ге жуық сарбаз борышын өтеп жатыр. Тиісінше, бөлім командирінің орынбасары «қазіргі жастар әскерден қашады» дегенге келіспейтінін жеткізді.

Талғат Омаров, 68665 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:
-Барлық Қазақстанда солай деп айтуға мен келіспеймін. Өйткені әскери қызметшілерден өздеріңіз де сұрасаңыздар болады, өз еріктерімен келіп, Қарулы Күштердің қатарында қызмет етіп жатыр. Мерзімді әскери қызметшілердің құлшынысы бар деп есептеймін.

Әскери борышын өтеп қана қоймай, келісімшарт бойынша қызметке қалатын азаматтар баршылық. Бұрын ондай белсенділік 3-4 адаммен шектелсе, қазір жалпы сарбаздың 20% астамы жұмыс істеуге ниет білдіреді. Олардың бірі — Арман Бекетов. Биыл 3-ші жыл қызметте.

Арман Бекетов, кіші сержант:
-Келген жылдары қолымызға қару ұстап көрмегеннен кейін қорқынышты болады. Ыңғайсыз болады. Одан кейін үйреніп кеттік. 2019 жылы қысқа мерзімді сарбаз болып келдім. Әрі қарай келісімшарт бойынша қызметте қалдым.

Әскери бөлім заманауи техникалармен де жабдықталған. Мәселен 4 адамды алмастыра алатын мына Телеробот радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпті орыннан сынама алып, жан-жақты сараптама жасай алады. Мұндай 2 құрылғы бар. Мамандар техникалар мен қоса әдістемелер жаңартылып отыратынын айтады. Соңғы өзгерістерге байланысты енді сарбаздар арнайы салалар бойынша да оқытылады.

Сұлтан Камалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
-Қазіргі уақытта 17 мамандар дайындайды әскери бөлімдерде. Былтырдан бастап тізімді бердік.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын 37 мыңға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылады. Олар бір жыл ішінде нағыз батыр және айбынды болып шыға келеді. Ал айбынды әскер ел тірегі емес пе?!

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Таир Мерекенов