Хабар телеарнасы

Жамбылдықтар жол жөндеуге жұмсалған ₸70 млн желге ұшқанына ашулы

Себебі Талас ауданында 2 жыл бұрын салынған тас жол уақытынан бұрын тозып кеткен. Сапасыз төселген асфальт шұрық тесік. Ал мердігердің кепілдік мерзімі аяқталған. Енді жол қашан жөнделеді?

«Ерназар – Қойгелді» деп аталатын тас жолы – Тамды ауылынан облыс орталығына тікелей әрі жақын апарар жалғыз даңғыл. 2020 жылы асфальт салынғалы маңайдағы елді мекеннің бәрі осы жолмен қатынайды. Дегенмен 11,4 шақырымға төселген асфальт екі жылға жетпей тозды.

Өмірбек Өсербек, Талас ауданының тұрғыны:
-Толық түсіріліп істелген асфальт қой. Енді істелген асфальттың нәтижесі осы болып тұр ғой. Таразға барғанша сақыр-сұқыр жол.

Нұржан Әлсейіт, Талас ауданының тұрғыны:
-Жолдың сызығын, енін қараңыз. Екі машина зорға сияды. Үлкен жүк машина келсе, жолдың шетіне шығып кетесің.

Тұрғындар жауаптылардың жолды қабылдап алғанына таң. «Техникалық талапқа сай келмейді», — деп сынға алды. Тас жолда шикіліктің барын жол сапа орталығының мамандары да растады.

Қадіржан Мырзаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК инженері:
-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары 2021 жылы аталған жол бөлігін тексеру үшін бізді шақыртқан болатын. Жолдың 14 тұсынан арнайы техникамен тексердік. Асфальттың тығыздығы нормаға сай келмеді. Сонымен қоса жолдың 50% құжатта көрсетілген қалыңдыққа сай емес.

Бүгінде мердігердің кепілдік мерзімі аяқталған. Әрі асфальтты салғандар мен қабылдаған қызметкерлер жауапқа тартылған көрінеді.

Еркін Әлтішев, Талас аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
-Сот шешімі қабылданып, жаңағы «Жандос и Компания ЖШС» жосықсыз деп танып, ол компания қазір жұмыс істемейді. Оны енді кезіндегі бөлім басшысы қабылдаған. Ол бөлім басшысы қазір жұмыста жоқ. Менің естуім бойынша тергеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.

Жыр болған жолдың мәселесі биыл шешіледі. Талас аудандық маңызы бар 19 жолдың төртеуін орташа жөндеу үшін 47 миллион теңге бөлінген. Жалпы ауданда 37 көшені асфальттау үшін 1,9 миллиард теңге қарастырылған.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә