Хабар телеарнасы

Маңғыстау облысында арқар төлдеп жатыр

Қарағанды облысының Үміткер ауылында 9 жылқы өліп, 15-і оқшауланды. Індеттің «Эпизоотиялық лимфангит» екені анықталған. Бұл тек тақ тұяқты жануарларда жиі кездесетін ауру. Сондықтан жылқы малына карантин енгізілмек. Ал ауру ошағы анықталған жерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдық округтегі малдың саны - 2 мың 200-ге жуық.

Маңғыстау облысында арқар төлдеп жатыр. Осы кезеңде дала хайуанаттары әлжуаз әрі қорғансыз келеді. Олардың жыртқыштар мен браконьер тұзағына түсіп қалмауы үшін табиғат инспекторларының жұмысы күшейтілген режимге көшірілді. «Қызылсай» мемлекеттік табиғи паркінде 1 мың 400-дей арқар мен 80-нен аса қарақұйрық бар. Арқар Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген.

Ал Алматы облысында браконьерлер қорықшы мен инспектор мінген қайықты Іле өзеніне батырып жібермек болған. Оқиға Балқаш ауданы, Көкжиде ауылының маңайында кезекті рейдтік шаралар барысында болған. Беттерін бүркемелеген 6 адам, балықты электр құралдарымен ауламақ болады. Қазір қылмыстық іс қозғау, күдіктілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Балқаш-Алакөл бассейнінде және Іле өзенінде балық аулауға рұқсат жоқ.

Павлодарда ағаш отырғызу науқаны басталды. Саябақтар шеруі ұйымдастырылып, балалар үйінің ауласына 100 түп қайың көшеті отырғызылды. Биыл өңірде 1 мың 250 гектар аумаққа 7 млн-дай тал егу жоспарланды. Бұл жылдағыдан 3 жарым есеге артық. Бұл мақсатқа 400 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.