Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы тасқын судың беті қайтты

Қарамырза ауылында 35 тұрғын үй мен 60 аула су астында қалған еді. Абырой болғанда адамдар аман, мал шығынына да жол берілген жоқ. Төтенше жағдайға Түнтүгір өзенінің арнасынан асуы себеп болғаны белгілі. 

Аманкелді Тажахметовтің үйіне су сәуірдің 4 күні кіріпті. Алдымен жертөле толып, сосын үйдің ішін жайлаған. Оны сорып, құрғату үшін ауладағы судың қайтуын күтуге тура келген.

Аманкелді Тажахметов, Қарамырза ауылының тұрғыны: 
- Бірінші күні келгенде су. Содан бері міне үшінші күн. Анау жертөле астынан келеді су. Қазір кетті бірінші күн. Качать етеміз.

Ал Айтқазы Нұрмағановтың үйі құрғатылған. Алайда отбасын әкелуге әлі асықпайды. «Ауасы тар, дымқыл үйде тұру мүмкін емес. Жаз бойы кептіруге тура келеді», – дейді. Әзірге олар мектепті паналап отыр.

Айтқазы Нұрмағанов,Қарамырза ауылының тұрғыны: 
- Мына заттарды көріп тұрсыздар, холодильник, шкафтардың бәрін көтеріп кеттік. Пеш жақтым, кешке қарай кетем.

Қарамырза ауылын соңғы 6 жылда осымен төртінші рет су басып отыр. Жергілікті халық оған әбден көндігіп алғандай. Ал Төтенше жағдайлар департаменті мамандары Қарамырзада тасқын қаупі сейілгенін хабарлады.

Уәлихан Дусанов, облыстық ТЖД бас маманы: 
- Су басқан 35 үй, 60 аула барлығы құрғатылды. Сәуірдің 4-нен 7-сі аралығында Қарамырза және Железнодоржный ауылдарынан 55 мың текше метрден астам су сорылды.

Қарамырза ауылында апат зардабын жою жұмыстары толық аяқталды. Облыс әкімі су кірген үйлерді қалпына келтіргеннен гөрі жаңа баспана салып берген жөн деп шешкен. Құрылыс жергілікті ауыл шараушылығы кәсіпорындары есебінен жүргізіледі. Ал оларға мемлекеттен 50% субсидия берілмек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг