Хабар телеарнасы

Қызылорда облысында дауылдардан бірқатар әлеуметтік нысанға зақым келді

Өткен демалыс күндері Қызылорда облысында дүлей дауыл соғып, бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге зақым келді. 50-ге жуық электр бағанасы құлап, бірқатар елді мекен жарықсыз қалды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Жел екпіні сәл бәсеңдеген. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында Қызылорда қаласындағы бастауыш сынып оқушылары мектепке барған жоқ. Қашықтан оқып жатыр. Қазір өңірдегі ахуал қандай? 

Қатты жел салдарынан жылу жеткізуші мекеменің биіктігі 40 метрлік мұржасы майысып қалды. Бұл станса Қазалы ауданы орталығындағы 98 мекеме, 74 көпқабатты үй мен 203 жеке тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.

Еркін Алпысбаев, жылу тарату мекемесінің директоры:
-Аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссия орын алған ақауларды дер кезінде қалпына келтіру мақсатында жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар кезінде екі арнайы кран және дәнекерлеу құралы мен 15 жұмысшы қызмет атқарды. Қазіргі таңда жылу үздіксіз берілуде. 
 
Жел салдарынан облыс орталығы мен аудандарда барлығы 50-ге жуық электр бағанасы құлаған. Бүгінде оның басым бөлігі қалпына келтірілді. «Тек Шиелі ауданындағы Қызылқайың елді мекені маңындағы өртке оранған 12 бағананы ауыстыру жұмыстары әлі жалғасып жатыр», — дейді мамандар.
  
Нұрбай Ізтілеуов, электр тарату тораптары мекемесі төрағасының орынбасары:
-Ол жерге темір бетон бағана қоямыз. Азанда бригадамыз шықты. Енді кешке дейін қосып береміз деп отырмыз.
 
Дауыл салдарынан былтыр ғана жөндеуден өткен Қызылорда қаласы, Торайғыров көшесіндегі көпқабатты үйдің де шатыры ұшып, жерге түскен. Жалпы табиғаттың тосын мінезінен облыс бойынша 24 нысанға зақым келген.

Айғанша Сматова , облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы:
-Бүгінгі таңда осы келтірілген залалдардың шығындары есептеліну мәселесі бойынша комиссия құрылып, аудан, қала көлемінде жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылатын болады. 
 
Қызылорда облысында 31 наурыз бен 1 сәуір күндері жел жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетті. «Қазгидромет» мамандары 4-5 сәуірден бастап жел бәсеңдей бастайды деп отыр. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин