Хабар телеарнасы

Ұлытау облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Оған жасы 35-тен аспаған, баспанасы болмаған және кейінгі 1 жыл ішінде Ұлытау облысы аумағында тұратын азамат қатыса алады. Бағдарлама 5 жылға жоспарланған. Жыл сайын кемінде 40-тан астам азаматқа тиімді шарттармен тұрғын үй несиесі беріледі. Биыл бұл мақсатқа 750 млн теңге бөлінді. Әр азаматқа 20 млн теңгеге дейін 5% үстемемен несие беріледі. Қазір облыс орталығында өтінімдерді қабылдау басталды. Бағдарлама шарттарына сәйкес келетін өтініштер «Отбасы банкіне» жіберіледі.

Дархан Мұқан, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы: 
- 60 мыңның айналасында жас бар десек облыста, осы бағдарлама туралы алғаш ақпар шыққалы хабарласып жатқан азаматтар көп. Кешеден бері 100-дің үстінде азаматтар консультация алып кетті. Қазірдің өзінде 15 адамның құжаттары тексеріліп, өтінімдері қабылданды.