Хабар телеарнасы

Су тасқыны: Түркістан облысында қауіптің беті сейілді

Жағдай тұрақталып келеді. Су басқан аулалардан көшірілген тұрғындар біртіндеп үйлеріне оралып жатыр. 

Біз қазір Сауран ауданына қарасты Шаға елді мекеніндеміз. Мұнда кеше кешкісін таудан келген қарғын су арықтардың арнасына сыймай елді мекеннің ішіне жайылған болатын. Соның салдарынан түнде 200-ге жуық ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен аудандық әкімдік қызметкерлері қауіпті сейілту мақсатында аулалар мен көшелерден су қашырту жұмыстарын жүргізді. Суды бұру, су арналарының жағасын бекіту жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 200-ге жуық аула судан босатылды. Жалпы 85 ауладан 197 текше метр су сорып шығарылды. Жауын-шашынның тоқтауына байланысты су деңгейі төмендеген. Қазір су «Шаға» жасанды көлі арқылы «Түркістан» магистралды каналына құйылып жатыр. Мамандар: «Тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде ел үлкен апаттан аман қалдық», — деп отыр.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Бірнеше аймақты аралап шықтым. Кешегі су басқан елді мекендерде жағдай тұрақты. Барлығын бақылауда ұстап отырмыз. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Келген шығын есептеліп, жергілікті бюджет есебінен қалпына келтірілетін болады. Мамандар мен техника толық жеткілікті. Енді Қазығұрт, Төлеби сияқты таулы аудандарда қауіпсіздікті күшейтіп жатырыз.

Еріген қар мен жаңбыр суы өңірдегі Бәйдібек, Сауран және Ордабасы аудандарындағы жүздеген үйдің ауласын басты. 19 елді мекендегі 21 көше су астында қалды. 234 аулаға су жайылып, 1 үйге су кірді. Арнайы комиссия келтірілген залалды бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Су тасқыны салдарын жоюға барлығы 400-ден астам адам, 100-ге жуық техника мен 28 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай тұрақталғанымен барлық жерде қауіптің алдын алу жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.