Хабар телеарнасы

Дислексиямен ауыратын балаларға арналған қосымша жасап шығарылды

Жақын арада оны ұялы телефоннан тегін жүктеп алуға болады. Қазір қосымшаны енгізу бойынша соңғы жұмыстар жасалып жатыр.

Илиан Гладышевқа қосымша жасауға дислексияға шалдыққан таныстары себеп болған. Ол алдымен осындай жандардың оқу мен жазуда қандай қиындықтарға тап болатынын зерттейді. Кәсіби маманнан кеңес алады. Содан кейін ғана барып іске кіріседі. Оның айтуынша біздің елімізде дислексияны емдейтін мамандар өте аз. Ал батыс мемлекеттерінде оған назар ерекше. Бұған қоса, ағылшын тілінде дислексияға арналған қосымшалар көп.

Илиан Гладышев, 10-сынып оқушысы:
-Менің қосымшамды көргендердің барлығы оның мүмкіндігін жақсы бағалап жатыр. Қосымшаны жасауға 3 айдай уақыт жұмсадым. Маған оқу қиындықтары бойынша халықаралық сарапшы, психолог, Дислексия орталығы мен осы аурумен ауыратын балаларға арналған алғашқы мектептің негізін қалаушы Елена Данилова көп көмектесті. Тәлімгерім сол кісі болды. Шрифтің өлшемі, оның түсін таңдап, иллюстрациясын жасауда маман ретінде айтқан кеңесін ескере отырып жасадым.

Илиан Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде 10-сыныпта оқиды. 7 жасынан бастап бағдарлама жасауға құмартқан. Үйірмеге барып кейіннен бағдарламашылар дайындайтын курсты тәмамдапты.

Илиан Гладышев, 10-сынып оқушысы:
-39 сөз енгіздік. Соның мағынасына қарай ертегі қостық. Онда басты сөздің жазылуы, соны бейнелейтін картина бар. Әзірге онын егіздік. Оған қоса, сөздік, жаттығу, ойын түрінде сөзді табу, сурет салу сияқты бөлімдері де бар.

Дислексиямен ауыратын адамға кітаптағы әріптер секіріп немесе төңкеріліп тұрғандай көрінуі мүмкін. Бәрі бір жерде үйіліп қалған сияқты көреді. Кейде тіпті олар сөзді соңынан басына қарай оқиды. Ұқсас әріптер мен сандарды ажырата алмайды. Дислексияны аутизммен және де басқа аурумен шатастыруға болмайды. Жаңа қосымша оқу дағдысына лайықталған. Жас өнертапқыш оған патент алып үлгерді. Оны ұялы телефоннан тегін жүктеп алуға болады. Қазір қосымшаны енгізуге қатысты соңғы жұмыстар ғана қалды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев