Хабар телеарнасы

Ақмола облысында балалар үйінің тәрбиеленушісі мемлекеттік пәтерге қол жеткізе алмай жүр

3 жасар ұлы бар. Жылдар бойы үйден үйге көшіп жүрген жас отбасының жағдайы да мәз емес. Басар жері, барар тауы қалмаған соң, амалдың жоқтығынан біздің редакциямызға шағымданған еді. 

Бұл Евгений Беседин. 6 жасында ағасымен бірге балалар үйінде қалған. Ол жерден 2015 жылы шығады. Алайда содан бері әлеуметтік пәтерге жете алмай келеді. Үйленген жылдары әпкесінің қолында тұрған. Масылдықтан қашқан жастар бөлек шығуды ұйғарады. Бірақ әлі күнге дейін көшіп-қонумен әлек.

Евгений Беседин, Ақкөл қаласының тұрғыны: 
- Біз бұл үй үшін 20 мың теңге төлейміз. Қаладағы ең арзан үй осы. Жағдайы жақсы үйлерге ай сайын 50-60 мың теңге төлеу керек. Мұнда тамыз айынан бері тұрамыз. Үй суық, барлық жері ойылған. Сыртан жел кіреді.

Нұрлан Әбдікәрім, тілші: 
- Бала кезден тағдыр тауқыметін көріп келе жатқан отбасының шама-шарқылары жеткенше жалдап алған пәтері осы. Біз қазір үйдің үлкен бөлмесінде тұрмыз. Мына жерді не үшін бітеп қойған десеңіздер, еденнің асты күн өткен сайын тесіліп барады. Иә, үй деген аты болмаса, іші даладай суық. Өйткені үш бөлмелі пәтердің екі бөлмесінде жылу құбырлары жұмыс істемейді. Тек жатын бөлмеде жұмыс істейді. Онда да көмір болған жағдайда. Ендігі мәселе - үйді иесі сатуға қойған.

Евгений қазір жалдамалы еңбекте. Дарья ғана жастар тәжірибесімен 70 мың теңгелік жалақыға жұмыс істейді.

Дарья Рязанцева, Евгенийдің жары: 
- Мен күн сайын қолайлы асханам болса екен деп армандаймын. Барлығы жақсы болса екен. Өзімзідің үйіміз, өзімнің асханам, жиhаздарымен болса екен деймін.

Айта кетейік, бұл отбасы әлеуметтік пәтер тізімі бойынша 13 кезекте. Бірақ 7 жылдан бері кезек жылжымайды деп ашынады. Бұл базынаны арқалап, әкімдікке де бардық. Мамандар: «Алайда қазіргі таңда дайын әлеуметтік үй жоқ»,— дейді. Тек биыл ғана республикалық бюджет есебінен екі үйдің құрылысы басталған.

Михаил Ворсин, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: 
- Келесі жылы бір үй пайдалануға беріледі. Арнайы санаттағы азаматтарға үйдің 9 пәтері бөлінген. Евгений 13 кезекте. Бізде жоспар бойынша тағы бір үй соғылып жатыр. 2024 жылы бітеді. Бірінші үйден пәтер алуы белгісіз. Бірақ екінші үйден пәтер алады деп 100% сеніммен айта аламын. Барлығы заң бойынша, кезек бойынша.

Ал қала әкімінің орынбасары уақытша тұратын үй бұған дейін берілгенін айтады. Осылай Евгений ол үйден, тәртіпсіздік орнатып, айырылған. Кейіннен «AMANAT»партиясы да жалдамалы үй береді. Бірақ онда жарық пен жылу жүйесі болмаған соң, бас тартқан. Десе де мамандар бұл отбасыға кәсіпкерлер арқылы көмек ұйымдастырмақ.

Андрей Дурягин, Ақкөл қаласы әкімінің орынбасары: 
- Қазір жақсы пәтерлерді қарастырамыз. Оны тауып, ай сайынғы ақысын төлеп беру үшін арнайы кәсіпкерлерді, қоғам өкілдерін тартамыз. Мәселені шешеміз, көмектесеміз.

Нұрлан Әбдікәрім, тілші: 
- Осылай әкімдік уақытша тұратын үй мәселесін 1 ай ішінде шешеміз деп отыр. Ал Евгений пәтер кезегін тағы екі жыл күтуге тұра келеді. Десе де жас отбасының мәселесі шешілгенше біз бақылайтын боламыз.

Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Нұрлан Малгельдинов