Хабар телеарнасы

Ұшақтар неге жиі кешігеді?

Азаматтық авиация комитеті ұшақтардың кешігуі жаппай сипат алып отырғанын растап отыр. Жолаушылар ұшу уақытының шегерілуімен қоса, алдын-ала ескертілмейтініне және әуе компанияларының қарым-қатынасына да наразы.

Жолаушылар үшін бір қаладан екіншісіне жедел жетудің ең тиімді жолы – әуе қатынасы. Алайда жылдам деген әуе рейс­терінің өзі көп жағдайда жолаушыларды жерге қаратып жатады. Астана қаласының тұрғыны Дінмұхамед осыдан бір апта бұрын Шымкентке билет алған. Әуежайға келгенде ұшу уақытының 1 сағатқа кешігетіні хабарланған және бұл бірінші жағдай емес.

Дінмұхамед Мырза, жолаушы:
-Алдында да осыдан он шақты күн бұрын ұшып келген кезде 1-1,5 сағатқа кешіктіру болған. Қазір де кешігу жағдайы қайталанып тұр. Scat компаниясынан.

Әуе рейстерінің кешігуінен тағы бір зардап шегуші - Мұхамедияр Рашай.

Мұхамедияр Рашай, Астана қаласының тұрғыны:
- Семей қаласына ұшатын кезде FlyArystan әуе компаниясының жолаушыларға ескертпестен ұшу уақытын 7 сағатқа кешіктіріп тастауы және алдын-ала ескертіп, смс хабарлама жібермеуі. Ал смс хабарламаға байланысты ең бір ыңғайсыз жағдай: оған да ақы төлеуіміз керек екен, кешігу-кешікпеуін білу үшін.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының орталық хатшылығында жұмыс істеген, авиация саласының сарапшысы Абыл Кекілбаев ұшақтардың кешіктірілуі әуе компаниялардың пандемия кезіндегі шығындардың орнын тортыру үшін де болуы мүмкін деп санайды.

Абыл Кекілбаев, авиация саласының сарапшысы:
-Жыл сайын мына пандемиядан кейін әуежайлар мен авиакомпаниялар қатты шығындарға түскен, сол шығындарды қазір олар өздерімен ақтағысы келеді. Әуе билеттерінің бағасы мен көрсететін қызметтерінің сапасын пандемеяға дейінгі жағдайды салыстырып көрсеңіз, жолаушы ретінде өзіңіз де байқап отырсыз.

Ардақ Өтепов, Қазақстан Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:
-Әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызметі заңының 86-бабына сәйкес, әуе компанияның кінәсімен рейс кешіктірілген жағдайда жолаушыларға ақысыз негізде рейс кешігу ұзақтығына байланысты салқын сусындар, тамақ және қонақ үймен қамтамсыз ету заңда көрсетілген.

Авиация комитеті шағымдарға сәйкес әркез іс-шаралар қолданылатынын айтады. Биыл рейстердің кешігуі мен алынып тасталуына байланысты отандық әуекомпанияларға 8 рет айыппұл салынған.

Ардақ Өтепов, Қазақстан Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.
-Шағымдар бойынша шілде айынан бастап әуе компанияларға 8100 айлық көрсеткішке айыппұл салынды. Сонымен бірге қазіргі таңда 4 бұзушылық фактілері бойынша соттық өндіру жүргізіліп жатыр.

Ардақ Өтеповтың айтуынша, ұшу тұрақтылығы көрсеткіштерінің төмендеуі 2021 жылы 86%-ды құраса, 2022 жылы 76%-ға төмендеген. Сондай-ақ бұдан былай Қазақстандық әуе компаниялар рейстерді кешіктіргені үшін енді жолаушыларға өтемақы төлейтін болады. Өтемақы құны әрбір кешіктірген сағаты үшін билет құнының 3%-ін құрайды.

Авторлары: Нұрсәуле Мамытхан, Айбын Құсанбек