Хабар телеарнасы

Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлы-техникалық колледжіне 1 ғасыр толды

Тіпті колледж қабырғасында өндіріс орындары да бар. Білім нысанының 100 жылдық мерейтойына елдің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген түлектер жиналған. 

Кешегі мен бүгінгінің арасын жалғаған түлектер бір аудиторияда отыр. Бірі іргесі 1922 жылы қаланған сол кездегі Семей уезіне қарасты Қарқаралы педагогикалық училищесінде білім алған болса, бүгінгілер қайта түлеп, Саран қаласына қоныс аударған оқу ордасында білім алып келеді. Ортақ естеліктер жетерлік.

Оралхан Бартаева, Абай атындағы Саран ЖГТК түлегі:
-Замануи дамып тұрған уақытта жас түлектер өте сапалы білім алып жатыр. Менің бұл колледжден екі немерем оқып шықты. Мен өзім оқыған колледжен тағы екі немерем оқығаны маған өте бағалы деп айта аламын.

Дәмира Шәріп, Абай атындағы Саран ЖГТК түлегі:
-Бұл колледжді таңдаған себебім мұнда өте атақты ұлы ғалымдар оқыған, білімі өте жоғары деңгейде. Ұстаздарымыз жоғары санатты білікті, білімді мамандар. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша барлық жаңа технологияларды пайдаланамыз. Интерактивті тақта дегендей барлығы жабдықталған.

Халық табысын арттыруға қатысты мемлекеттік бағдарлама бар. Білім ошағы осы мақсатта да қарқынды жұмыс істейді. Мысалы, Саранда ашылған шина зауытына 400-ге жуық маманды дайындаған. Студенттер оқуын аяқтай салып, тұрақты жұмыспен қамтылады. Себебі колледж зауытпен мемарандум жасасқан. Былтыр екі бірдей жаңа мамандық ашылыпты.

Владимир Закамолкин, Абай атындағы Саран ЖГТК директоры:
-6 педагогикалық мамандық, 8 техникалық мамандық бойынша балалар білім алады. Біздің түлектер білім беру ісінде де, өндіріс саласының да барлық секторында жұмыс істей алады. Олардың тұрақты жұмыспен қамтылуында назарда ұстап отырамыз. Мысалы, шина зауытында біздің курсанттар алғашқы резинаны шығарып үлгерді. Білікті кадр дайындау ісін жалғастыра береміз.

Аталған колледждің 100 жылдығына арналған салтанатты шараға оқу іргесінен білім алған 400-ге жуық түлек келіп қатысты. Олардың ең үлкені осыдан 70 жыл бұрын білім алғандар. Атап өткен жөн, колледжді құруға бастамашы болған топтың ішінде «Алаш» зиялысы Әлімхан Ермековтың еңбегі ерен.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.