Хабар телеарнасы

Елордалықтар тарылған аула мен әкімшілік нысандардың жетіспеуіне наразы

Себебі ұлтарақтай бос жер болса, мердігер компаниялар көпқабатты тұрғын үй салуға құмартып тұрады. Қаланың бас жоспарындағы кейбір әкімшілік нысан салынатын жерде зәулім үйлер тұрғызылу үстінде. Шындап келгенде, бұған кім жауапты? Мамандар: Халық тығыздығы арта берсе, қалада су тапшылығы мен жылу құбырларының жобасын қайта жасау керек», — дейді. 

Елордамыздағы Алматы ауданының тұрғындары жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй құрылысына наразы. Тұрғындардың айтуынша, алғашында саябақ салу жоспарланып, кейін мүлдем басқаша өзгеріп кеткен. Қазір мұнда аспанмен таласқан 21 қабатты баспана салынып жатыр.

Ерлан Тұрлыбеков, қала тұрғыны:
- Үйлердің құрылысы бір-біріне тығыз салынған. Мынау былтыр салынған үй, арғы жағынан өтсеңіз кісі жүретін жолдың бәрін мыжып-мыжып өтіп кеткен жүк көліктері. Басты мәселе — мынау тұрған жол мәселесі. Қисығын көріп тұрсыздар. Осы жер су толғанда көлік тұрағы қиналады.

Арман Құсайынов, қала тұрғыны:
- Міне мына көше, мына құрылысты жасаған кезде осы көшемен байланды. Осы құрылысқа бетон келеді. Қазір анау тұрған тұрғындар шағымданған соң жақтан ашып тастады. Бұл жердің барлығы бүлінген. Балалар жүреді, мына жақта ойнайды.

Елордалықтар көпқабатты тұрғын үй жанынан биік құрылыс салуға қарсы. Адам саны көбейген сайын кіріп-шығатын көліктер де артқан. Барлығына жетерлік көлік тұрағы жоқ екен. Ал тұрғындар «оқыс жағдай бола ма», — деп қорқады.

Нұржігіт Сүлейменов, қала тұрғыны:
- Үшінші аусымның түстен кейін оқитындары кешкі сағат 7-ге қарай келеді. Мына үй біткеннен кейін 7 мыңдай адам болады. Кіп-кішкентай жердің өзінде 10 мың адамның, әр 10 адамнан 2-3-еуі мектепке барғанда да 3 мың адам. Олар бұл мектептерге сия ма, сыймайды ма? Мен сізге тек 3 тұрғын үйді ғана айтып тұрмын.

Көпқабатты үй қолданысқа берілсе мектепке баратын балалардың саны артады. Білім басқармасына осы сауалды жолдап көрдік. Астана қаласында 2025 жылға дейін 72 мектеп бой көтермек. Алматы ауданы бойынша 25 жаңа мектеп, сол жағалауда 42. Сарыарқа ауданында 4 білім ошағы пайдалануға берілсе, Байқоңыр ауданында 1 ғана мектеп жоспарда бар екен.

Тұрғындардың шағымынан кейін өздері көрсеткен құрылыс алаңына келіп, жағдайды білуге тырыстық. Медігер компания өздеріне шаң жуытпай, құжаттың бәрі заң аясында дейді.

Болатхан Тұяқбаев, жоба жетекшісі:
-Бұл тұрғын үй кешені коммерциялық тұрғын үй. Жер нақты қанша екенін айта алмаймыз. Бірақ балаға ойын алаңы қарастырылған. Былтыр жерді алған кезде ешқандай саяжай болған жоқ. Бос жер болды. 

Күдікті сейілту үшін, әрі қарай Алматы ауданы мен Астана қаласының бас жоспар басшылығына бет алдық. Осы сала мамандарының айтуынша, қаланы 148 секторға бөліп, 10 мың тұрғынға ортақ әкімшілік нысандар жоспарланған.

Сұлтан Аяпбергенов, Алматы ауданы бойынша қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:
-Бұрын бұл жер саяжай болған, бір медігер компания әрі қарай жобаны жасаумен айналысты. Қазір бас жоспар бойынша 18-25 қабатты тұрғын үй салуға рұқсат етілген. Бұл жоспар қабылданбай тұрып, 2017 жылға дейін әкімшілік ғимарат салу жоспарда болған. Ешқандай саябақ емес.

Бекзат Әділов, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС сәулетшісі:
-Мектептің жобасын орналастырып береміз. Жобаны тапсырамыз. Қадағалайтын органдар жасау керек әрі қарай жұмыс. Басқа объекті салғысы келсе, ол жерге өзі өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

Бұл сұраққа тәжірибесі мол маман, сәулетші Серік Рүстембектің өз айтары бар.

Серік Рүстембек, тәуелсіз сарапшы:
-Барлық бәле әкімшіліктен шығады. Өткені жер беру әкімшіліктің шешімімен болады. Қалтасы қалың инвестор келеді. Әкімшілікпен келіседі. Оған енді заңдастыру керек. Бас жоспар бойынша оның жалғасы ПДП бойынша бұл жерде балабақша немесе мектеп. Бұл жерді мүмкін өзгертейік дейді. Ондайды терең зерттеп қараса, түбірін табуға болады. Кім қол қойды? Кім ондай шешім қабылдады? Оларды табу қиын емес.

Құрылыс компаниялары үшін мектеп емес, көпқабатты тұрғын үй салған тиімді. Халықтың емес, қалтаның қамы басым. Жергілікті билік жағдай бақылауда екенін айтады. Дегенмен қалаға үдере көшкен жұрттың бәрі әлеуметтік нысанмен толық қамтылады деу әзірге қиял сияқты.

Авторлары: Диана Қадыр, Болатбек Табалдиев