Хабар телеарнасы

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл болады

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль қазақ ғалымына қалжыңдап «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ бойлы, батыр тұлғалы ма?» — деп сұрапты. Сонда академик Қаныш Сәтбаев «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, халқым менен де биік», — деп жауап берген. Иә, ол елін, жерін қазағын жанындай жақсы көріп қана қоймай, оның жер асты байлығын бүкіл әлемге танытты.

(Бейнеқор)Қаныш Сәтпаев, академик:
-Мыс, қорғасын, молибден, хром сияқты металлдарды көп шығару керек. Қазақстан жерінде мұндай металлдардың кені өте көп. Олардың ішіндегі ең маңызды, ең жеңіл пайдалануға болатын кендерден тезірек зерттеп өндіріске беру — Қазақстан геологтарының міндеті.

Қаныш Имантайұлы 1926 жылдан бастап, Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын зерттеді. Оның тапқан қазба байлықтарынан химия элементтерінің бәрін кездестіруге болады. Ол Жезқазғанда мыс жоқ деген пікірді теріске шығарды.

Әділхан Байбатша, геология-минералогия ғылымдарының докторы:
-Сәтпаев сол тереңді зерттейді. Қордың көп екенін, сол тереңде екенін дәлелдеді. Жезқазғанның қандай роль атқаратынын цифрмен келтірейін. Егер 100 жылдан бері өндіріп жатқан жалпы өндірілген енді ақшамен бағаласақ 200 млрд доллар.

Сәтпаев балаларына ғылымнан даңғыл жол салып кетті. Үлкен қызы Ханиса Қанышқызы медицина ғылымының, Шәмиябану филология ғылымдарының докторы. Ал кіші қызы Мейіз әке жолын қуып геолог мамандығын таңдайды. «Қазіргі ұрпақтары да ата жолын жалғап келеді», — дейді немересі, химия ғылымдарының докторы Әлима Жармағамбетова.

Әлима Жармағамбетова, немересі:
-Мен сіздерге бір ғана мысал айтайын. Атам өте қарапайым болатын. Оған туған туыстар ғана емес, ауылдан адамдар ағылып келіп жататын. Ешқайсысын жатырқамайтын. Бәріне қол ұшын беретін. Ауруханаға келгендердің барлығын менің анам Ханисаға тапсыратын. Халқыңа адал еңбек ет, бірақ «заңнан аттама» дегенді баларының бойына сіңірді.

Сәтбаев Қазақ ғылым академиясының негізін қалады, геология институтын құрды. Қазақтан шыққан тұңғыш академик туған 12 сәуір Ғылым күні ретінде аталып өтеді. Ол ғалым ғана емес, өнерге айрықша қамқор болған жан. Оның орындауындағы 25 әнді Александр Затаевич жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» атты іргелі еңбекке енгізген.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев