Хабар телеарнасы

Жаңа оқу жылы Алматы облысының Кемертоған орта мектебінде қарбаласпен басталды

Тіпті биыл «У» сыныбына дейін ашылыпты. Осылайша ата-аналар білім сапасына алаңдаулы. Ауылдағы мектеп тапшылығы қашан шешіледі?
Бала санының көптігіне байланысты Кемертоған мектебі былтыр үш аусымды оқытуға көшкен. Биыл жағдай еш өзгерген жоқ. Керісінше тағы да мыңға жуық бала жаңадан келіп қосылып, оқушы саны 4600-ден асып жығылған.

Халида Атабаева, Кемертоған орта мектебі директорының міндетін атқарушы:
-Айтып жатырмыз біледі облыс та аудан да. Бұл жерде оқитын төрт регионның балалары. Төрт  жерден тасымалданады. Жан-жақтан. МТФ- дан, Кемертоған ауылынан, Асыл арман тұрғын үй кешенінен оқиды және 19-шы км салынып жатқан БАКАД-тың бер жағынан қатынап оқиды. Әрине енді бала саны өте көп. Үш ауысымда баланың білім алуы өте ауыр.

Бірінші сыныптың өзіне 600-ден аса бүлдіршін келген. Басқасын айтпағанның өзінде олардың өзі ғана 22-ге жетіп, «У» сыныбы ашылған. Бірінші ауысымның сабақтары таңғы сағат 7 жарымда басталады. Ал үшінші ауысымдағылардың соңғы сабағы кешкі жетіден кете аяқталады. 

Шынар Манапқызы, Кемертоған ауылының тұрғыны:
-Біреуі жеті жарымда оқиды. Біреуі он бір жарымда оқиды. Біреуі төртте  оқиды. Енді үш түрлі келеміз. Өзіміз бірге келмесек мынадай пробканың астында қалып кетуі мүмкін. Егер 1200-дік мектеп болса өздері барып келер еді.

Жазира Мысырқызы, Кемертоған ауылының тұрғыны:
-Бұл жерде бірақ мәселе бала саны көп көріп тұрсыздар, иә. Асыл арманға, МТФ-ға мектеп салып берсе деген ата-аналардың сондай жанайқайы бар.

Қазір Кемертоғанның өзінде мектеп жасындағы 1700 бала бар. Ал 3 мыңға тарта бала қатынап оқиды. Сол маңдағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 20 мыңға тарта халық тұрады. Бірақ мектебі жоқ. Былтыр «Асыл арманнан» жекеменшік  мектеп құрылысы басталыпты. Бірақ қазандығы қазылған соң мердігер мекеме құрылыс материалдарының қымбаттағанын желеу қылып, жұмысты тоқтатып, жобаны қайта қарауға жіберген. Енді жергілікті билік Кемертоғанның өзінен жаңа білім мекемесін салуды қарастырып жатыр. 

Гүлсара Исағұлова, Алматы Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
-Кемертоған ауылының аумағында жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін қайта сатып алу қарастырылуда. Яғни жер мәселесі шешіледі деп күтілуде. Кемертоған ауылында 2000 орындық мектеп салу жоспары қарастырылуда. 

Қазіргі уақытта Алматы облысында 3 аусымды 54 мектеп бар. Ал Кемертоғанда көпшілік күткен білім ошағының нақты қашан бой көтерері әзірге белгісіз.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон