Хабар телеарнасы

Жетісайлық диқандардың жүзімі елімізде жоғары сұранысқа ие

Бұйыртса, одан бес мың тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр. Диқандар дайын өнімді қайда өткізіп жатыр? Биыл нарықтағы жүзім бағасы қандай?

Жетісай мақтаның ғана емес, жеміс-жидек пен жүзімнің де отаны саналады. Абай ауылындағы мына шаруашылық 5 жылдан бері жүзім өсірумен айналысады. Қазір мұндағы 7 гектар жерде жүзімнің жергілікті екі сорты жайқалып, жеміс беріп тұр. 

Жандос Жұмабек, тілші:

-Мұнда әбден пісіп кесуге дайын болған жүзімді күн ысымай тұрып, таңғы салқынмен жинап алады. Себебі күн ысыған кезде жұлса, жүзім босап, ұзаққа шыдамай қалады. Сондықтан жұмысшылар таңғы салқынмен алқап басына жиналып, піскен жемісті күн ысығанға дейін жинап үлгеруі керек.

Жүзім дақылын жинаудың да өз тәртібі бар. Тәтті екен деп барлығын бірдей кесе беруге болмайды. Арасындағы піскендерін таңдап, қырқу керек. Бір түп ағаш 25 келіге дейін өнім береді.

Фарух Тагаев, жұмысшы:

-Біреуміз қырқамыз, біреуміз тасимыз. Әрбір жұп 3-4 сағаттың ішінде 300-400 келіден өнім жинайды. Мынадай әдемі-әдемі жүзімді жинап саламыз. Сағат 10-11-ге дейін 1 газель өнім жібереміз. 2,5-3 тонна. Күніне 6 мың теңгеден төлейді жұмысымызға. Осының арқасында бала-шағамызды асырап отырмыз.

Жалдамалы жұмысшылар піскен өнімді шелекпен бір орынға жинайды. Оны қыздар іріктеп, әр қорапқа шамамен 7-8 келі жүзім салады. Сосын оны күн ысымай тұрып, арнайы көлікпен базарға жөнелтеді.

Раух Непалиев, шаруашылық басшысы:

-Дайын өнімді Шымкент қаласындағы базарларға өткіземіз. Олар бізден келісін 225-300 теңгеден көтерме бағамен сатып алады. Бағаның төмен болуының бір себебі мұнда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан жүзім көп келеді. Сондықтан арасында Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларына жібереміз. Ол жақта баға жақсы. Ресейге экспорттасақ деген де ойымыз бар.

Диқан биыл жүзім жақсы салғанын айтады. Әр гектардан 10 тоннадан өнім алуды жоспарлап отыр. Жалпы Жетісай ауданында 448 гектар аумаққа жүзім дақылының «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Академик», «Дубовский» сынды 9 сорты егілген. Көбі тамшылатып суару әдісін қолданады.    

Нұртас Тұрсынбеков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің БАС маманы:

-Ол дақылдардан да қазіргі таңда өнім жинау науқаны жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта мың тоннадан астам өнім жиналды. Жүзім дақылынан алынған өнімдер өзіміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласының базарларында сатылуда.

«Базарда баға тұрақты», – дейді мамандар. Қазір Шымкент пен Түркістан базарларында жүзімнің келісі 450-500 теңге аралығында саудаланып жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов