Хабар телеарнасы

Мұқтаждарға көмек көрсетіледі

Тараптар бірлесе отырып, әлеуметтік осал топқа жататын көмекке мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетуді көздейді. Осыған байланысты бүгін қор төрғасы Болат Жәмішев қаладағы қоғамдық ұйым өкілдерімен басқосу өткізіп, бірқатар мәселені талқылады.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған еді.  Жарты жылда ұйымға 40 мыңнан астам азамат хабарласып, 10 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетіліпті. Негізінен қорда жиналған қаржы медициналық жәрдемге аймақтардағы балалар спортын дамытуға және арнайы мектептердегі оқыту әдістемесін жетілдіруге және білім гранттарына бөлуге бағытталған.

Рауана Сағадиева, ерекше балалары бар ата-аналар одағының жетекшісі:

-Біздің мақсат – бюджеттік сомманы көмекті берерден бұрын алдын ала система мониторингі. Алдын ала қажеттіліктерді білсеңіздер. Бізде одақта 16 диагноз бар. Көбісі білмейді оны. Тек қана аутизм, дцп дейді. Ол шектеулі ғана. Және де бізге не керек? Нақты сол қажеттіліктерді анықтап барып, бюджет формироватся етілуі керек. Сонда ғана көмек нақты болады деген мәселе.

 «Қазақстан халқына» қоры көмекке мұқтаж жекелеген азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың да жобаларын қолдайды. Басқосуда мүгедектерді оңалту мен сауықтыру, жетімдерді жебеп, ардагерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау керек деген ұсыныстар айтылды.

Арман Қырықбаев, қала әкімінің орынбасары: 

-Бұл ең алдымен қайырымдылық қор. Әртүрлі жағдайдағы отбасыларға, қолдауға мұқтаж түрлі жасөспірімдерге, жаңадан туған түрлі жағдайдағы сәбилерге басқа да мұқтаж азаматтарға көмектесу. Ал көмектесу деген белгілі бір дәрежеде ұйымдастырушылық мәселелердің қамтамасыз етілуін талап етеді. Яғни жайдан-жай мынаған көмектесімін деп айта алмайды ғой ешкім. Сондықтан жер-жерде әкімдіктер. Соның ішінде Алматы мегаполисінің әкімдігі бірінші кезекте ұйымдастырушылық тұрғысынан көмектесу керек.

Жалпы қазіргі уақытта қорда 130 миллиард теңгеден астам қаражат жинақталған. Қор өкілдері аймақтарды аралап, жергілікті билік өкілдерімен бірлесе отырып, көмекке зәру жандардың мәселесін қарастырады.

Авторы: Алмас Садуақас