Хабар телеарнасы

Түкіруге тыйым салына ма?

Олардың пікірінше, «жаман әдеттен» құтылу үшін талапты күшейту қажет. Ал дәрігерлер болса, көшеде түкіріп жүретіндер өзгелерге қауіп төндіретінін ескертеді.

Белгілі журналист, қалалық мәслихат депутаты Сергей Пономарев «Үлкен қалада жүріп-тұрудың ережесін» енгізуді ұсынып отыр. «Оны бұзған адам қатаң жазалануы тиіс», – дейді. Тек сонда ғана қоғамдық орындардағы тазалықты сақтауға болатынын айтады. Депутаттың пікірінше, ең әуелі мәдениетсіз көлік жүргізушілерімен күресу қажет.   

Сергей Пономарёв, Қалалық Мәслихаттың депутаты:

-Өткенде таксимен келе жатыр едім, жүргізуші бағдаршамға тоқтағанда, далаға түкіре салды. Мұныңыз не деген ескертуіме: «Енді қайтем?», – деп жауап берді. Яғни бұл адам қарапайым гигиеналық құралдарды, беторамал, қағаз майлықты қолдану керек екенін білмей тұр. Менің пікірімше, бұлай қалдыра беруге болмайды.    

Көзге қораш көрінетіні өз алдына, түкіріктің ауру тарататыны бұрыннан белгілі. Дәрігерлердің айтуынша, адамның ауыз қуысы – бактериялар мен вирустардың көп шоғырланатын орны. Денсаулығы мықты адамдар бой бермегенімен, иммунитеті әлсіздер әртүрлі ауру жұқтырып алуы мүмкін.

Тамара Отағанова, И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

-Түкірікті қоршаған ортаға тастаған кезде, ол тек қана сол жерде кеуіп, сіңіп кетпейді ғой. Сол жердегі кепкен түкіріктегі бактериялардың барлығы қоршаған ортаға тарайды. Қалай тарайды? Біздер жүрген кезде шаң-тозаң көтерілу арқылы тарайды. Немесе біз оны басқан кезде өзіміздің киімімізбен немесе аяқ киімімізбен сол бактерияларды үйге алып келеміз.

Әлемнің көптеген елінде қоғамдық орындарда түкіруге тыйым салынғанын айта кеткен жөн. Мысалы, Сингапурде мұндай қылық жасасаңыз, 1000 Сингапур доллары көлемінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 350 мың теңге.

Авторы: Ұлан Нарынбек