00:30Эфирде: Тұсаукесер! "Өнеге"
01:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Атырау облысында отбасында зәбір көрген әйелдер мен балалар дағдарыс орталығында тұрып жатыр

  • Категория: Қоғам
Атырау облысында отбасында зәбір көрген әйелдер мен балалар дағдарыс орталығында тұрып жатыр

9 адам әлі күнге зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінде тұрып жатыр.

Өткен 5 айда облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына 2 мыңнан астам қоңырау түсіпті. Олардың басым көпшілігі отағасының жанұяға әлімжеттік жасайтынын айтып шағымданған. Жалпы дағдарысқа түскен жандарды колдау – бүгінгі қоғамның басты міндеті. Тек өкініштісі, зәбір көрген аналар мен жанұя жылуынан шетін өсіп келе жатқан сәбилер саны жыл санап артып барады.

Бұл балапандардың орталықты мекендегендеріне алты айға жуықтапты. Жағдайлары жаман емес. Аналары жанында, жатар орын жайлы. Бірақ өз шаңырағындағыдай болмайтыны анық. Зәбірленуші келіншектің айтуынша, отағасымен отау құрғандарына 10 жылдан асыпты. Бірақ жұмыссыз азамат соңғы кезде ішімдікке салынып, бала-шағаға қол көтеруді дағдыға айналдырыпты.

Жәбірленуші ана:

- Өзім жұмысқа орналастым. Үш балам бар. Үлкені мектепте оқиды, екеуі осы бөлімшеде. «Отбасын бұзу» деген өте бір қиын нәрсе ғой, бірнеше жыл бірге тұрған соң, балаларымның әкесі болғандықтан отбасын қайта сақтап қалғым келеді. Егер өзі отбасын сақтап қаламын деген үмітпен келетін болса, онда мен қосылуға дайынмын.

Бірақ алыс ауылда жатқан отағасының осы уақытқа дейін бала-шағасының халін білуге құлқы жоқ секілді.

Айбаршын Иманғалиева, Зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары:

- Араларында үш бала бар. Бірнеше рет шақырдық. Бірақ жолдасын әлі күнге дейін келтіре алмай қойдық. Телефон арқылы сөйлеседі. Барам-барам, келем-келем, бірақ әлі күнге дейін еш хабар жоқ. Бұл жерде мәселе құқық бұзушыны жазалау емес, бұл жерде отбасын сақтап, жәбірленушіні қолдау жұмыстары жүргізіледі. 

Тағдыр тәлкегіне түскендерді қоғам далаға тастамайды. Бұл орталықта аналарға кеңес беріледі. Жұмысқа орналасады. Қажет болса, құжаттарын реттеуге, пәтер кезегіне тұруға мүмкіндік бар. Өткен бес айда 14 әйел мен 36 бала осы орталықты уақытша паналапты. Көпшілігі өзара келісімге келіп татуласқан. «Бірақ қоғам дертіне айналып бара жатқан зомбылық кеселі жыл санап көбейіп барады», – дейді мамандар.

Анаргүл Сұлтанғалиева, учаскелік полиция инспекторы:

- Қорғау нұсқамасының санын айтатын болсақ, биылға 972 болса, былтыр 380-дей болды. Сонымен қатар 461-бапты алатын болсақ, 39% көтеріліп тұр. Әйел адамдар әдетте ішкі дүниесін аша бермейді. Сондықтан біз тек заң қызметкері емес, сонымен қатар психологтың да міндетін атқаруға тырысамыз. 

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, отбасылық жанжал көбіне жас жанұялардан шығады екен. «Осы орталыққа келгендердің 80% жасы 30-ға дейінгілер», – дейді мамандар. Жас шаңырақтың шайқалуына тұрмыстық тапшылық пен жас адамдардың өзара түсініспеушілігі себеп екені анық. Ал оның зардабын сәбилердің тартатыны өкінішті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Сондай-ақ...