05:02Эфирде: Телесериал «Акварели»
07:00Әрі қарай: Оян!
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Қазақмыс» корпорациясы 35 отбасына баспана сыйлады

  • Категория: Қоғам
«Қазақмыс» корпорациясы 35 отбасына баспана сыйлады

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақмыс» корпорациясы 35 отбасына баспана сыйлады.

Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Сәтбаев қалаларында тұратын мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған жанұялардың әрқайсысы 2, 3 және 4 бөлмелі пәтерлерге ие болды. Бұл күні сондай-ақ өндірісте қаза болған жұмыскерлердің балаларына да сый-сияпат үлестірілді.

Кенші Азамат Бақайдың отбасы қаланың қақ ортасынан ойып тұрып пәтер алғандарына әлі де сенер емес. Он жыл бойы бес баласымен әр жерде үй жалдап, қиналып келген. Енді 4 бөлмелі баспанаға ие болды. Оның үстіне іші жиһазбен, тұрмыстық техникамен түгел жабдықталған екен.

Азамат Бақай, қала тұрғыны:

- Ең алғаш хабарласып, «үй аласың» дегенде сенбегенмін. Енді қуанып отырмыз. Жиһаз да бар, дайын пәтер. Ештеңе де керек емес. Енді балаларымның әрқайсысының өз бөлмесі болады, қуанып жатыр.  

Бұл күні Азамат секілді 35 отбасы қуанышқа кенелді. Баспанаға мұқтаж әрі мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған жанұяларға 2,3 және 4 бөлмелі пәтерлердің кілтін компания басшылары салтанатты түрде табыстады. Қоныстой иелері Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Сәтбаев қалаларындағы «Қазақмыс» компаниясына қарасты өндіріс ошақтарында еңбек етеді.

Андрей Гайдин, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма басшысының бірінші орынбасары:

- Жұмысшыларымыздың балалары жайлы пәтерде алаңсыз өмір сүру үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бұл мақсатқа 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік. Бүгін пәтер кілттері тапсырылды. Дегенмен арамызда баспанаға мұқтаж отбасылар әлі де бар. Сондықтан жыл соңына дейін тағы 50 пәтер беруді жоспарлап отырмыз.

Айта кету керек, соңғы үш жыл ішінде «Қазақмыс» корпорациясы 186 еңбеккеріне пәтер сыйлаған. Соның арқасында 900-ден астам бүлдіршін баспаналы болды. Бұл күні компания басшылары өндірісте қаза болған азаматтардың да жанұяларына барып, балаларына сый-сияпат үлестірді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар

Сондай-ақ...