18:00Эфирде: «Жас домбыра» концерті
20:00Әрі қарай: Концерт «Жастар әні»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қостанай облысы Жаркөл ауылындағы шағын орталық құлағалы тұр

  • Категория: Қоғам
Қостанай облысы Жаркөл ауылындағы шағын орталық құлағалы тұр

Қостанай облысындағы Жаркөл ауылының тұрғындары: «Қабырғалары сөгілген шағын орталық балалар өміріне қауіп төндіреді», - деп есептейді.

Олар тозығы жеткен нысанды жауып, ондағы тәлімгерлерді мектеп ғимаратына көшіруді талап етіп отыр. Бірақ бұл мәселені шешу үшін білім ұясындағы бос ғимарат қалпына келтірілуі тиіс. Екі жыл бұрын мұнда бастан-аяқ жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал қаңыраған ғимаратқа қаражат жетпей қалған. Жалпы халық аудандағы мемлекет қазынасының ысырап болғанына наразы.

Мырзағазы Аманкелдиннің үш бірдей немересі ауылдағы шағын орталыққа барады. «Балалар тәрбие ордасында жүргенде жанымызды шүберекке түйіп отыруға мәжбүрміз», - дейді тұрғын. Себебі ғимараттың есік-терезелері әбден тозған. Ал қабырғалары жарылып тұр.

Мырзағазы Аманкелдин, Жаркөл ауылының тұрғыны:

- Қабырғалары ашылып, іші жарылып тұр. Ұстап қарасаң, жел соғып тұрады. Тіпті дала көрініп тұр. Қыста жылыта алмай жатады. Ызғып кетеді. Жағып жатқан отын білінбейді.

Бұрынғы пошта ғимараты алты жыл бұрын «Балапан» бағдарламасы аясында шағын орталыққа бейімделді. Қазір мұнда 40 бала тәрбиеленеді. Нысан апатты деп танылмаған. Бірақ халықпен санасқан жергілікті билік балаларды басқа жерге көшіруді құп көрді. Енді бүлдіршіндерге мектептің 20 жыл бойы бос тұрған ғимараты пана болады.  

Ғабдімәжит Сәдуақасов, Қаратүбек жалпы білім беру мектебінің директоры:

- Сметалық құжаттары 2-3 рет жасалған. Сосын уақыты өтіп кетті, үш жылға жасалуы керек қой. Кішкентай балаларды әкеліп алсақ, бәрі бір жерде болады деп ойлаймыз.

Жаркөл орта мектебіне 2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ол кезде білім ұясы қосымша орынға зәру болмаған. 200-дей оқушыға негізгі ғимарат жеткілікті еді. Ал оған жапсарлас нысанда, яғни болашақ шағын орталықта мектептің артық заттары сақталады. Десек те оның қас беті құлағалы тұр. Еш қоршалмаған. Оқушылар да аулақ жүреді. Тек директор мен от жағушыға кіруге рұқсат.

Ғабдімәжит Сәдуақасов, Қаратүбек жалпы білім беру мектебінің директоры:

- Балалардың көбіне ескертіп айтқанбыз. Ол жерге ешкім жоламайды. Қоңырауға шыққанда қастарында еріп жүреді. Шатырдың желмен ұшқан жерлері бар. Олардың бәрі ертең жөндеуден кейін істелінеді деп отырмыз ғой. Бірақ енді ұшқан нәрсесін өзіміз қаққан боламыз. Дайындап, өзімізше ұстап отырмыз.

Наурызбай Сейдахметов, Жангелдин ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Неге Қаратүбек орта мектебі жөнделгенде, Жаркөл мектебін жөндемеген деп тұрсыз ғой. Проектіде, паспортта көрсетілмеген. Оған жасалған проект заңсыз боп саналады. Біз қосымша жазып қойдық. Биыл 64,6 млн-ға деффект актіге өтініш бердік. Амандық болса, ақша бөлінсе, жөндейміз.

Ал Торғай ауылының тұрғындары мемлекет қаржысы ақылмен жұмсалса деп отыр. Шамамен 300 млн теңгеге бастан-аяқ жөнделген мектептегі жұмыстар асығыс, шала, сапасыз жасалыпты. Дәретханада пластик есіктер мен арақабырғаның орнына ағаш пайдаланылған. 

Дидар Сейсенбай, Торғай ауылының тұрғыны:

- Әрине, іші-сыртын жылтыратып істеген. Бірақ ақаулар көп. Қарапайым дәретхананың өзін дұрыс істемеген. Есіктері ашылып, жабылмайды. Оны қалай қабылдаған? Білмеймін.

Енді дәретханадағы ағаш арақабырғаларды пластикке ауыстыру оңай шаруа емес. Ол үшін тағы да жаңа жоба жасалуы шарт. Мұның бәрі қосымша ақша мен уақыт.  

Наурызбай Сейдахметов, Жангелдин ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Есіктері талапқа сай, проекті бойынша жасалған. Ауыстырғанын ауыстырды, құлыптарын салды. Бұл жерде айтып тұрғаны дәретханалардың іші бөлінбеген. Ол проектіде жоқ. Халықтың айтуы бойынша мердігерге аудан әкімімен өтініш жасадық, ол өз есебінен істеп берді.

Биыл облыс бойынша 58 білім беру мекемесі қалпына келтірілмек. Соның үштен бірін толық жөндеуге 6 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Сондай-ақ...