18:00Эфирде: «Жас домбыра» концерті
20:00Әрі қарай: Концерт «Жастар әні»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Алматының таулы аймағында зәулім үйлер тоқтаусыз салынып жатыр

  • Категория: Қоғам
Алматының таулы аймағында зәулім үйлер тоқтаусыз салынып жатыр

Алматыдағы «Каменское плато» таулы аймағының тұрғындары өз өмірлері үшін қауіптенеді.

Өйткені мұндағы алма бақтары шетінен оталып, орнына зәулім үйлердің құрылысы тоқтаусыз жүріп жатыр. «Жер қыртысы көшпелі бөктердегі құрылыс дамыл таппай тұр», – дейді Медеу ауданының тұрғындары.

Бірнеше күн бұрын Алматы облысының Текелі қаласында лай көшкіні жүріп, соның салдарынан 5 жасар бүлдіршін қайтыс болды. «Табиғаттың дәл осындай тосын мінезі Алматының «Каменское плато» бөктерінде қайталануы әбден мүмкін», – дейді табиғат жанашырлары.

Василиса Қуанышева, экобелсенді:

- Текеліде қандай жағдай болғанын бәріміз көрдік. Оның біздің қалада қайталанғанын қаламаймыз. Өйткені ауқымы әлдеқайда көп болады. Бұрын мына бөктердің барлығы алма бақ болған, қазір жеке тұрғын үй салынып жатыр. Негізі бау-бақша болуы керек. Қазір ебін тауып құрылысқа рұқсат алып, үлкен үйлер салып жатыр.

Бұрын Обсерватория көшесінде тек ғалымдар мен астрофизиктер ғана тұрған. Ғылыми орталықтың жанындағы бөктерде алма ағаштары өсетін. Ал соңғы жылдары аумақ адам танымастай өзгерді. Жеміске толы бақтар шабылып, орнына үлкен сарайлар салынып жатыр. Сәуір айында «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары «Каменское плато» қыратын тексеріп, жер қыртысының тұрақсыз, жұмсақ екенін айтыпты. «Үлкен үй, ауыр техника мен су және кәріз құбыры аумақтың қаупін арттыра түседі», – дейді.

Әлішер Тоқтасын, «Қазселденқорғау» ММ бөлім басшысы:

- Қазақстан Республикасының нормативті-техникалық құжатының талабына сай инженерлік геологиялық тексеру жүргізілу керек. Мұндағы үйлердің іргетасы терең құйылуы тиіс.

Еске сала кетейік, 2016 жылы осы қыратта 2 рет көлемі мың текше метрлік лай көшкіні жүрген. Қазір мұнда жаңа құрылыс үшін қазылған 46 жердегі жұмыстар уақытша тоқтап тұр. Одан өзге жаңадан үш үй салынып, екі жер теліміндегі ағаштар оталған. Ал Медеу ауданы әкімдігі: «Құрылыс жұмыстары заңды», – дейді.

Аман Мырзеков, Медеу аудандық қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру қызметінің басшысы:

- Обсерватория 5а жер телімі бойынша жеке тұлғаға тиесілі. Жоба құжаттамалық құжаттары берілген, АПЗ бар. Сол аумақтың нақты жоспарлау жобасы бойынша ол жерде жеке тұрғын үй құрылысы қарастырылған.

Әкімдік өкілінің айтуынша, болашақта қаланың бас жоспарына түзетулер мен өзгертулер енгізіледі. Обсерватория көшесіндегі мәселе сол кезде жер иелерінің келісімімен қаралады екен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

Сондай-ақ...