21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Елордада 8-қабаттан құлай жаздаған қызды құтқарып қалған екінші ер адамға да пәтер берілді

  • Категория: Қоғам
Елордада 8-қабаттан құлай жаздаған қызды құтқарып қалған екінші ер адамға да пәтер берілді

Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйдің 8-қабатынан құлауға шақ қалған үш жасар қызды құтқарған азаматтың ерлігі елді тәнті етті.

Алайда көпшілік Сәбит Шонтақбаевқа баланы аман алып қалуға көмектескен Сағи Жылқышиев есімді досын да назардан тыс қалдырмауды сұраған еді.

«Көп түкірсе – көл» демекші, халықтың тілегі қабыл болды. Сағи бүлдіршінді құтқару кезінде досының аяғынан ұстап, оған тіреу болып тұрған. Отандық құрылыс компанияларының бірі ерлік танытқан ер адамға Нұр-Сұлтан қаласынан комфорт плюс санатты үйден екі бөлмелі пәтерді сыйға тартатын болды.

Еске сала кетейік, Сағи мен Сәбит құрылыс саласында жұмысын енді бастап жатқан еді. Екі дос Қызылордадан бала-шағасын тастап, нәпақа табуға елордаға келген болатын. Келгендеріне көп болмаған. Сәбит пен Сағи жұмысқа барар кезде 8-қабатта салбырап тұрған қызды көреді де, бірден сол үйге бет алады. Сөйтіп, екеуі жаяу 8 қабатқа көтеріледі. Есікті қақса, ешкім ашпайды. Үйде ешкім жоқ болса керек. Сөйтіп, 8-ден 7-ге түссе, абырой болғанда сол үйдің есігі ашық тұр екен. Екеуі де кіріп кетіп, дереу баланы құтқаруға кіріседі.

Айта кететін жайт, бұл жағдайда Сағидің де ерлігі елеулі. Ол Сәбитке тіреу болып тұрды. Сағидың қолында бір емес, 2 адамның тағдыры қыл үстінде тұрды десек те болады. «Екі досты бөліп жармай, барлық медаль (марапат), баспана екеуіне де берілсе екен деймін. Сәбиттің 4 баласы, Сағидің 3 баласы бар. Екеуі де ерлік жасады», – деп бөліскен еді белгілі блогер Дәулет Мұқаев өз әлеуметтік парақшасында.

Блогер Сәбитке үй алу үшін Dauletten қайырымдылық қоры арқылы ақша жинауды бастап кеткен еді. Алайда отандық құрылыс компаниясы қаһарманға үш бөлмелі пәтер сыйлағандықтан, қор әкімшілігі жиналған қаржыны екі азаматқа теңдей бөліп беруді шешкен.

Міне, бүгінгі күннің батыры атанған Сәбит Шонтақбаевпен бірге енді оның досы Сағи да баспаналы болды. Бүлдіршін үшін өз өмірлерін қауіп пен қаттерге тіккен Сәбит пен Сағидың ерлігі көпке үлгі болары сөзсіз.

Сондай-ақ...