Хабар телеарнасы

Алматы облысындағы Боралдай кентінің тұрғындары жағымсыз ауамен тыныстауға мәжбүр

Алматы облысындағы Боралдай кентінің тұрғындары он жыл бойы жағымсыз ауамен тыныстауға мәжбүр. Ескірген кәріз құбыры жиі бүлінетіндіктен, лас су жерге сіңіп, төңірекке сасық иіс тарайды. Бұл жағдайды жергілікті әкімдік біледі. Тозығы жеткен құбыр жылына 3-4 рет жөнделеді. Алайда одан пайда жоқ.     

Боралдайлықтар мына жерді «сасықсай» деп атап кеткен. Аты айтып тұрғандай, сайға түссеңіз, жағымсыз иістен талып қалуыңыз бек мүмкін. Бұл мәселе он жыл бұрын пайда болған. 2011 жылы кенттегі қант зауыты жабылып, инфрақұрылым иесіз қалады. Не мемлекет иелігіне, не жекеменшікке өтпегендіктен кәріз жүйесі жылдар бойы қараусыз қалып, жер-жерден тесіледі.

Серік Әсетов, Боралдай кентінің тұрғыны:

- Бұл жерде қысы-жазы сасық иіс. Далаға шығу жағы, балаларды, есікті ашу, үйдің ауасын тазарту мүмкін емес. Өткенде келіп, бір-екі жерді жамаған болды, қайтадан жарылды.

Бұрын зауытқа тиесілі болған құбырды жергілікті әкімдік уақытша ауылдық кооперативтің қарауына өткізген. Жалпы кәріз жүйесіне 7 мың абонент жалғанған. Былтыр темір құбырдың 200 метрі пластикалық құбырға ауыстырылған. Алайда ол қысымға шыдас бермегендіктен қайта-қайта жарылып кетеді.   

Алмас Садуақас, тілші:

- Бірнеше жыл бойы далаға ағып жатқан кәріз суынан бұл сай нағыз батпақсазға айналды. Ал айналаға тараған сасық иіс жүректі айнытады. Мына тұста кәріз суы өзенге қосылып, табиғатты ластап жатыр.

Егер жуық арада құбырдың ажыраған тұсы жалғанбаса нағыз жанжал сонда болайын деп тұр. Өзендегі тіршілік иелері мен су ішетін малға обал. Экологиялық мәселені түпкілікті шешу үшін 700 метр құбырды жаңалау қажет. Былтыр ауыл әкімдігі мамандарды шақыртқан. Сараптама өткізіп, құбыр диаметрін үлкейту керек деп шешкен. 

Данияр Қоңырбаев, Боралдай кентінің әкімі:

- Құбырға үлкен қаражат керек. Сондықтан аудандық әкімшілікке бюджеттік ұсыным бердік. Оны аудан әкімшілігі қолдады. Қазіргі таңда қажетті құжаттың бәрі өткізілді. Бюджеттен қаражат бөлінуін күтіп отырмыз. Жақын арада бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Түбегейлі шешілуі керек.

«Бұдан бөлек, алдағы уақытта Боралдайда 11 шақырымнан астам ескі кәріз жүйесі жаңаланып, екі насостық станция салынады. Сол кезде бұрынғы қант зауытынан шығатын ескі кәріз құбыры қажетсіз болып қалады», – дейді ауыл әкімі.

Авторлары: Алмас Сәдуақас, Әбен Нарынбаев