20:00Эфирде: Тұсаукесер! "Келінжан 4"
21:00Әрі қарай: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Солтүстік пен батыстағы өңірлер су астында қалды

  • Категория: Қоғам
Солтүстік пен батыстағы өңірлер су астында қалды

Ақтөбеде арыққа құлап, аман қалған оқушының жағдайы қанағаттанарлық.

Ата-анасы оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Бұл туралы қала басшысы мәлімдеді. Естеріңізге сала кетсек, мектептен қайтып келе жатқан оқушы қыз еріген қар суына батып кете жаздаған еді.

Қазір Ақтөбе қаласы мен облыстың бірқатар ауданына су басу қаупі төніп тұр. Мұндай жағдай еліміздің өзге өңірлерінде де байқалады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Үйілген қарды айналып өтпекші болам деген жеткіншек суға құлаған. Ағынның қаттылығы сонша, әп-сәтте құбырдың астына ағызып әкетіпті. Абырой болғанда жақын маңдағы жүрген жігіттер оқушы қызды судан алып шықты. Ал суағардың қауіпті тұсы әлі күнге дейін қоршалмаған.

Евгений Зелевский, қала тұрғыны:

- Қыз баланы судан жылдам шығарып алуға сәті түспеді. Құбырдың ішіндегі темірге киімі ілініп қалған. Күртесі де қолымызда сусып қала ма деп тізерлеп отырып кеудесінен құшақтап алып шықтық.

Юрий Лысенко, қала тұрғыны:

- Қорқыныштан есеңгіреп қалған. Ғимараттың ішіне кіргізген кезде үйге қайтуым керек дегеннен танбады. Киімін ауыстырып, әбден жылытып, ыстық шай бергеннен кейін ата-анасының қолына табыстадық.

Бұған дейін шенеуніктер көктемгі су тасқынына тас-түйін дайынбыз деп бірнеше рет есеп берген еді. Бірақ соған қарамастан, білім ордаларына да қауіп төніп, оқу кестесін өзгертуге тура келіп отыр. Шаһардағы 13 мектептің оқушылары уақытша онлайн режимде білім алады. Ал қала әкімі оқыс оқиғаға жауап беруге әзірмін деп мәлімдеді. Қоғам белсенділері: «Өңірді су басып, тұрғындарын сергелдеңге салуына бірінші кезекте жергілікті билік жауапты», – дейді.

Мейрамбек Камалов, қоғам белсендісі:

- Осыдан бір ай бұрын шамамен командалық жаттығулар өтті. Облыс пен қала басшылығы «біз барлығына дайынбыз» деп есеп берген болатын. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар бұған дайын емес болып шықты. Тек қаланың ішінде емес, аудан орталықтарында да, ауылдарда да көптеген мәселе болып жатыр. Бұл мәселеге облыс әкімі жауап беруі керек.

Еріген қар суы облыс орталығынан бөлек, бірқатар аудан тұрғынын да әбігерге салғандығы рас. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері 14 баспананы су басып, Өрлеу ауылында төрт үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге тура келгенін айтты.

Қайрат Касым, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Алты ауылмен байланыс үзіліп отыр. Оймауыт, Миялы, Сарбұлақ, Өтек, Ақшатау мен Көптоғай елді мекендеріне баратын жолдарды су шайған. Бұл өлкелерде 3 316 адам тұрады. Қайықпен қатынас ұйымдастырылды. Жауапты мамандар ауылдарда қажет дәрі-дәрмек пен азық-түлік жеткілікті деп отыр.

Ал Батыс Қазақстан облысында Шилі өзені арнасынан тасып, Шалғын ауылын су басты. Елді мекенде 40 шақты үй, 300-ден астам тұрғын бар. Шамамен 25 үйге су кіріп, кейбірі қираған. Тұрғындар жергілікті мәдениет үйіне көшірілді.

Нұрхат Жанбоз, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазір ауыл тұрғындарын көшіру мәселесі қарастырылып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің барлық күші жұмылдырылды. Адам, мал шығыны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Бұдан бөлек, Павлодар облысындағы Рождественка ауылында бір тұрғын үй мен 30 шаруашылық нысаны су астында қалды. Тағы бес үйге қауіп төніп тұр. Облыс бойынша су басу қаупі бар 35 ауыл бақылауға алынған. Жалпы Қазақстан бойынша мұндай 285 елді мекен анықталып отыр. Олардың дені солтүстік және батыс аймақтарда.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

 

Сондай-ақ...