Хабар телеарнасы

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан сарбаздың ата-анасы қайғыдан қан жұтып отыр

Жан дегенде жалғыз ұлы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, үйіне табытпен жеткізілгені көптің есінде.

Бұл гитараны марқұм Мадиярға ата-анасы әскерден келген күні сыйлап, айналаны әнге бөлемек болған еді. Алайда қазір ол жалғыз ұлдың жоқтаушысы, толқытып-тебіренткен сағынышты басушы болады деп әсте ойламаған. Бірақ тағдырдың жазуы солай болыпты...

Оразалы Бейспеков, М. Қайсаровтың әкесі:

- Негізі ұлымды о баста бір құжаттарға қол қойсын деп шақырған. Маусымның 23-і күні шашын тақырайтып алып, казармаға қамап тастапты. Бізге бейнеқоңыраумен хабарласып: «Мен әскерге кететін болдым», - деді. Келесі күні таңғы 5-те аттанып кеткен. Қоштасып та үлгермедік.

Мадияр Қызылорда облысындағы Ұлттық гвардияға қарасты әскери бөлімге жөнелтілген. Қазір оның ерлігі қарағандылық әскери бөлімдерде де насихатталып жатыр. Жас сарбаз жанындағы әріптестері үшін жанын қиып, өзі бақиға аттанып кете барған...

Оразалы Бейспеков, М. Қайсаровтың әкесі:

- Әскерге физикалық тұрғыда дайындалып барды. Күнде таңертең жаттығу жасайтын. Сол күні де қасында мыңдаған сарбаз болыпты. Барлығы 18-19 жас аралығындағы жас жігіттер екен. Көтеріліске қатысқандардың бірі камаз көлігін от алдырып, сарбаздарға қарсы жүйітки жөнелген. Сол кезде Мадияр қасындағы екі сарбазды жан-жаққа итеріп жіберіп, өзі үлгермей қалған.

Мадиярдың үйге қайтуына жарты жыл уақыт қалған еді. Кейін ол ЖОО-на түсіп, білімін жетілдірмек болған. Жалпы арман-мақсаттары асқақ болған көрінеді. «Алайда ер елі үшін туып, елі үшін өлтетінін көрсетіп кете барды», - дейді ата-анасы. Қазір бөлмесінде оның мәйітін жапқан мемлекеттік ту мен өмірден өткеннен кейінгі наградалары, соның ішінде ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені ғана тұр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев