Хабар телеарнасы

Ауызсу тұзды, жайылым тапшы

Жергілікті тұрғындар: «Ол су ішуге жарамсыз, соның салдарынан ауылда бауыр, бүйрек ауруымен ауыратындар саны артып барады», - деп дабыл қақты. Сондай-ақ Алғабаста жайылымдық жер тапшы. Аталған мәселелер ауылдық округ әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде қызу талқыланды.

Алғабас ауылындағы орталықтандырылған ауызсу құбырының ұзындығы 11 шақырым. Оған 218 абонент қосылған. «Есептегіш құрал орнатып, ақшасын уақытылы төлеп отырғанымызбен, сапалы ауызсуға бір жарымай-ақ қойдық. Ішіп отырған суымыз тұзды. Ішуге жарамсыз», – дейді ауыл тұрғындары. 

Ерлан Мыңбаев, ауыл тұрғыны:

- Қазір суды ішіп көрсеңіздер болады. Таттанып, тұздың дәмі шығып тұрады. ХХІ ғасырда мынандай су ішкен сұмдық қой! Ай сайын счетчигін, құрылғыларын – бәрін ауыстырамыз. Соның бәрін тұз жеп тастайды. Тұзды су денсаулыққа зиян емес?! Талай адам ауылда ауырып жатыр.

Алғабас ауылының орталықтандырылған ауызсу құбыры 2012 жылы «Көксу таза су» мемлекеттік кәсіпорнына өткен. Олар ауыл халқына ұңғымадан шығатын су мен ашық су көзінен алынатын ауызсуды араластырып беруге мәжбүр. Себебі бұл ауылға бір ұңғыманың күші жетпейді. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық станция зертханалары өткен жылдың қыркүйек, қазан, қараша айында судан сынама алып, «ішуге жарамды» деген қорытынды шығарып берген.

Мәди Қарбаев, аудандық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қорытындылары СЭС лабораторияларында тұр. Бірақ сонымен қатар біз қосымша тағы бір су мұнарасын орнату үшін жобалық-сметалық құжаттаманы есептедік. 13 млн 447 мың теңгеге шықты.

Алғабастықтарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – жайылымдық жер тапшылығы. Ауыл молдасы Арнұр Еркінбеков бұған дейін үйінде 15 сиыр ұстапты. Жылдан жылға өріс тарылып бара жатқандықтан, мал басын азайтуға тура келген.

Арнұр Еркінбеков, Алғабас ауылының тұрғыны:

Осы ауылда есімдерін атамай-ақ қояйын, бірақ 4-5 латифундист бар. Олардың жайлауы да, қыстауы да бар. Енді ауылдың жайылымына көшті. Бұлардың ауылдың жайылымына, шабындығына кесірі тиіп отыр.

Алғабас ауылының іргесінде 5831 гектар жайылымдық жер бар. Қазір аудандағы 10 ауылдық округттің шекарасын бекітуге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол жұмыс аяқталған соң мұндағы жайылым көлемі 7 мың гектарға дейін ұлғаяды.

Ержан Шалқыбеков, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Жайылым ең бірінші 95-жылдардан бастап бөлінген. Сол кездерден бері қарай беріліп кеткен жерлер бар. Соны қайтару жұмыстарын биыл қолға алғалы жатырмыз. Қазіргі таңда құжаттары реттелуде.

Жергілікті тұрғындар ауданнан келген басшылардан өздеріне бекітіліп берілген жерлері бола тұра, елді мекен іргесіндегі жайылым мен шабындыққа малдарын жайып жіберетін қожалық иелерін тәртіпке шақыруды сұрады. «Қызғанбаймыз, біз үшін қазақтың бай болғаны жақсы. Бірақ қарапайым халыққа кесіріңді тигізуге болмайды. Жер иеленушілер соны түсінсе екен», - дейді алғабастықтар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов