Хабар телеарнасы

Оралдағы автовокзал банкроттықтың сәл-ақ алдында тұр

Алыс жолға таксимен қатынау қымбат әрі қауіпті. Трассаларда оқыс оқиғалар көбейіп кеткен. Ал автовокзал өкілдері ішкі рейстерді арттыруға қаржылық қиындықтар кедергі екенін айтады. Пандемия кезінде халықаралық маршруттардың жабылуы кәсіпорынның жұмысын шатқаяқтатып жіберген.

Аймақта қала мен аудандар арасында автобустар 25 бағыт бойынша қатынайды. Алайда жүру кестесі жұртқа қолайсыз. Жолаушы көп, көлік аз.

Альфия Чекаева, Қазталов ауданының тұрғыны:

- Бір автобусқа екі ауданның адамдары сыймайды ғой. Бір ауданнан келгенде, келесі ауданның адамдары сыймай қалады. Сондықтан неғұрлым көлік көп болса, соғұрлым халықтың да жағдайы жақсы болады. Әрі олардың қалталарына ауыр соқпайды ғой. Таксиге 3-4 мың теңге төлегенше, автобусқа 1-2 мың теңгелерін төлеп, шаруаларын бітіріп, ауылға кері қайтады.

Тимур Шиниязов, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- 25 әлеуметтік маңызы бар маршрутымыз бар. Кәсіпорынға тиімсіз болғандықтан, бюджеттен қаражат қарастырылып отыр. Өткен жылы 175 млн теңге қаражат бөлінді. Сол 25-тің 14 маршрутын субсидиялап келдік. Енді жергілікті халықтан қосымша автобус ашу, қосу сұранысы бар. Бұл да бюджеттің мүмкіндігіне қарай күнделікті күн тәртібімізде тұр. Бір жылдың ішінде бұл мәселе де біртіндеп шешімін табады деп ойлаймыз.

Ал облысаралық рейстерге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінбейді. Мұндай маршрут аймақта Орал-Атырау бағытында ғана. «Пандемия басталғалы бері жолаушылар азайып кетті», - дейді автовокзал қызметкерлері. 2019 жылы облысаралық автобустарда 40 мың билет сатылса, 2020 жылы небәрі 7 мың билет сатылған екен. Сондықтан былтыр рейстер саны едәуір қысқартылған.

Александр Трепутень, автобус жүргізушісі:

- Қазір жүргелі тұрмыз. 21 жолаушы мінді. Әрбір рейс сайын автобустарда жолаушылардан гөрі, бос орын көп болады. Айына екі рет вахта әдісімен жұмыс істейтін адамдар мінеді. Сол кезде ғана табыс түседі. Ал басқа уақытта шығынды да жаба алмаймыз.

Халықаралық маршруттар қазір тіптен жоқ. Бұрын Ресейдің шекаралас облыстарына жолаушылар тасымалы қызу қарбаласқа толы еді. Карантинге байланысты шекара жабылып, барлық рейс тоқтатылды. Салдарынан автовокзал шаш-етектен шығынға батқан. Пандемияға дейін кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істесе, кейін олардың саны екі есе қысқарды. Мекеме басшылығы дағдарыстан шығу жолын Үкімет деңгейінде қарауды сұрап отыр.

Талғат Бисекенов, автовокзал басшысы:

- Халықаралық деңгейдегі Ресей маршруттары: Саратов, Самара, Тольятти, Орынбор, Бузулук, Қазан маршруттары бүгінде жабық тұр. Сол себептен автовокзалдың жағдайы аса мәз емес. Үкіметке қаржылай көмектесуін сұрап хат жаздық. Тек біздің облыста емес, жалпы Қазақстан бойынша автовокзалдардың жағдайы осындай күйде тұр. Көбі банкротқа ұшырағалы тұр.

Шекара ашылса, автовозкалдың жұмысы қайта жандануы мүмкін. Алайда эпидахуал әзірге мәз емес. Сондықтан мамандар облысаралық рейстерге республикалық бюджеттен субсидия қарастыру қажет екенін айтады. Кәсіпорын Үкіметтен үміт күтеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов