Хабар телеарнасы

Отандық мамандар тікұшақ типіндегі дрондар шығара бастады

Бұл дронды азаматтық бағытта кең пайдалануға болады. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезінде МИ-8 немесе еурокоптер сынды ірі габаритті тікұшақтарды әуеге көтермей, осы дронның көмегімен төңіректі бақылауға болады.

Бірақ қазір мемлекеттік органдар тарапынан пилотсыз ұшу аппаратына деген қызығушылық төмен. «Былтыр екі дрон ғана сатылды», - дейді компания өкілдері.

Бұл – Қазақстанда жасалған ұшқышсыз ұшу аппараты. Өндірушілердің айтуынша, тікұшық типіндегі дронды түрлі мақсатта пайдалануға болады. Тіпті 7 килограммға дейін жүк байлап, жаяу немесе көлікпен жете алмайтын жерлерге апару мүмкіндігі бар екен.

IRBIS-4.0 аталатын қондырғыны отандық инженерлер белоруссиялық әріптестерімен бірлесіп құрастырған. Қажет материалдардың 60%-і – қазақстандық өнім. Компьютерлік бағдарламалар мен басқару орталықтарын да өзіміздің мамандар даярлапты. Тек аккумулятор, авиациялық алюминий, бейнекамера сынды заттар шетелден импортталған.

Ардақ Бектасов, Sc Tech ЖШС бас директоры:

- Тікұшақ түріндегі ұшқышсыз ұшу аппаратының салмағы 25 кг. Бұл аппарат 60 шақырым қашықтыққа ұшып видео тарата алады. Ал бейне тарату мүмкіндігінсіз 140 км-ге дейін жете алады. Батареяларының қуаттылығы 2 сағатқа жетеді. Бұл дронға мұнай, экология, энергетика салаларында пайдаланылатын барлау аппараттарын бекітіп, көктен бақылауға болады. Құтқарушыларда өз мақсаттарында да қолдана алады. Бір сөзбен айтқанда, тікұшақты пайдалану аясы кең.

Бұл жобаны жүзеге асыру 2019 жылы басталған. Бастапқыда компания әскери ұшақтар мен әуе қорғаныс күштерінің жаттығуына арналған нысандарды жасаумен айналысқан. Жаңа бағытты меңгерген кәсіпорын былтыр алғашқы екі дронын мемлекеттік мекемелерге сатып үлгерген.

Ратмир Комратов, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, контр-адмирал:

- Бұл аппаратты бірқатар ведомствоға таныстырып үлгердік. Олардың қатарында шекара қызметі, қорғаныс және төтенше жағдайлар министрліктері бар. Биылғы жылға тапсырыс бар. Бірақ аз көлемде. Мемлекеттік мекемелер бұл аппаратты келесі жылы жаппай сатып ала бастайды деп ойлаймыз. Өйткені биыл бюджет нақтыланып, бекітіліп қойды.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, мол көлемдегі тапсырыстарды орындауға қуаттылық жеткілікті. Мамандар 1,5 айда үш ұшқышсыз ұшу аппаратын шығарып үлгерген. Елімізде дрондарды жасау мен пайдалану ісі енді дамып келе жатқандықтан тауарға деген сұраныс мардымды көлемде емес екен.

Дмитрий Васильев, Ұшқышсыз ұшу аппараттары қауымдастығының президенті:

- Біздегі нарық бастапқы кезеңді бастан кешіп жатыр. Сұраныс әлі артпаған. Мемлекеттік органдар ұшқышсыз ұшу аппараттарының тиімділігін әлі түсіне қойған жоқ. Қазір бізде қолданыста бар аппараттардың саны жүзге де жетпейді. Бұның барлығы – әскери бағыттағы қондырғылар. Ал азаматтық бағыт енді қолға алынып жатыр.

Жалпы тікұшақ типіндегі ұшқышсыз ұшу аппаратының біреуі 120-130 мың доллар шамасында тұрады. Бұл соманың ішіне 2 апталық оқыту курсыда кіреді екен. «Ал дронның шетелдік баламасы 700 мың доллардан басталады», - дейді мамандар.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев