Хабар телеарнасы

СҚО шаруалары субсидия ала алмай жүр

Мемлекет есебінен берілетін демеуқаржы уақытылы төленбегендіктен, кәсіпкерлер шағын және орта бизнестерін дамыта алмай отыр. Субсидия неге уақытында берілмейді? Шаруалар неге өкпелі?

Солтүстікқазақстандық Ақан Барлыбаев өңірде егін егіп, мал шаруашылығымен айланысады. 2021 жылы оған 50 миллион теңге көлемінде субсидия берілуі тиіс еді. Алайда мемлекеттен бөлінген қаржыны мүлдем алмаған. Себебі қазір шаруалардың өтініші онлайн қабылданады. «Цифлық жүйеде шикілік көп», - дейді ол.

Ақан Барлыбаев, шаруа:

- Бөлінген қаражат тиісті жерге жетпей жатыр. Интернетте өтініш береміз, бірақ қаржы жоқ деп бірден жауап келеді. Не бізді кезекке қоймайды. Менің ойымша, үлкен компаниялар дайын кезде жоғарыдағылар қаржыны бөле қояды. Кейін ақшаны өздері бөлісіп алады. Ал мен сияқты шағын фермерлер далада қалады.

Ақан Барлыбаевтың айтуынша, өңірде қолдаудан біржола үмітін үзген жүздеген шаруа бар. Өйткені олар да мүлдем субсидия алмаған. Тіпті өткен жылы ауыл шаруашылығы басқармасындағы жауапты мамандар кәсіпкерлерден түрлі құжат талап етіп, қаржы бермеудің амалын жасаған.

Сабина Мукашева, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Былтыр бізге екі шаруа арызданды. Алғашқысы элеватор салып, кәсібін кеңейткен. Бірақ одан жауаптылар лицензия талап етіпті. Екіншісіне шаруашылығыңның есептік нөмірі жоқ деп, өтінішін қабылдамаған. Арнайы комиссия мүшелері барлық мәселені зерттеп, олқылықты анықтады. Нәтижесінде, екеуі де қайта өтініш беріп, тиесілі қаржыларын алды.

Мейрам Меңдібаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

- Бірінші ақпаннан біз инвестициялық салымдарды субсидиялау бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауды бастап кеттік. Ал минералды тыңайтқыштар мен тұқымдарға субсидияны алу үшін министрліктің орталық аппаратымен келіссөздер жүріп жатыр. Шамамен наурыз айынан бастап, бұл қаржы төлене бастайды деген жоспар бар.

Белгілі болғаны былтырғы қаржы аграрилерге осы жылдың бюджеті есебінен беріледі. Былтыр өңірге тек 54 миллиард теңге субсидия бөлінген. Қаржыны кешіктіру фактілері еліміздің бірнеше өңірінде тіркелді.

Виктор Асланов, Қазақстан егіншілер одағының төрағасы:

- Барлығына қаржы жетіспейді. Сондықтан бұл мәселе жылда қайталанады. Көбі құжаттарын жинап, онлайн түрде өтінім береді. Машақаты да көп. Салдарынан көбі бұл қаржыдан үміттерін үзді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының соңында елімізде осы субсидияға бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікпен үш шенеунік ұсталған болатын. Ал Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасындағылар өңірде мұндай факті тіркелген жоқ деп ресми түрде мәлемдеп отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов