Хабар телеарнасы

Ауыл іргесі іріп жатыр – Қаратал тұрғындарының мұңы

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 144 миллион теңге бөлініп, игерілді. Бірақ аталған елді мекенде әлі күнге дейін ауызсу жоқ.

Ауласындағы құдық суын пайдаланып отырған тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауда да бірқатар түйткілді мәселелер бар екенін айтып отыр. Өйткені қоқыс тастайтын орынның аумағы ауылдың іргесіне дейін жетіп қалған.

Қаратал ауылына ауызсу құбыры тартылғанына 4 жылдың жүзі болды. Ауылда әлі күнге дейін ауызсу жоқ. Тұрғындар балаламы құдықтан су ішіп отыр. Ал мемлекеттік бағдарлама есебінен тартылған ауызсу құбырын жер асты суы басып қалған...

Светлана Панова, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Жаздың күні ол құдықтар аузы-мұрнына дейін суға толып жатады. Үйлерге қалай су жүргізбекші? Түсінбеймін. Ауылымызға ауызсу келе ме, келмей ме білмейміз. Жергілікті атқамінерлер бізді 3-4 жылдан бері құрғақ уәдеге тойдырып келеді. Тартылған құбырларда су болса, үйлерге беріле бастайтын еді ғой.

Қаратал ауылында 120 абонент бар. Бүгінгі күнге дейін 19 үй орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылуға келісім берген.

Мәрлен Секенов, «Көксу таза су» МКК директоры:

- Набережная көшесінде 19 үйге су қосылып тұр. Мектепте су бар. Тұрғындар счетчик қойып, арыз жазуы керек. Бізге ешкім келген жоқ.

Әзірге Қараталдағы бастауыш мектеп ғимаратына ғана ауызсу берілген. Қалған үйлердің барлығы құдық суын пайдаланып отыр. «Дер кезінде өтініш беріп, құжаттарын реттесе, алдағы көктемнен бастап ауылдағы абоненттер біртіндеп жаңадан тартылған ауызсу құбырына қосыла бастайды», - деді мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшылары.

Қаратал тұрғындарын толғандыратын тағы бір түйткілді мәселе – қоқыс тастайтын полигон аумағының ауыл іргесіне дейін ұлғайып кетуі.

Наталья Истиганова, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Ең шеткі үйде тұрамын. Сондықтан бұл мәселе мені қатты толғандырады. Қыста білінбейді, ал жазды күні жағымсыз иіс пен бықсып жанған түтін қолқаны қабады. Бұл қоқыс тастайтын орынды 500-600 метрге дейін ары қарай ысырып тастаса жақсы болар еді.

Асқар Алпысбаев, Еңбекші ауылдық округінің әкімі:

- Енді биыл аудан бюджетінен ақша сұрап жатырмыз, бөлініп жатыр. 1 млн 700 мың ақша бөлінді. Қазір ұтып алатын компаниялар шығады, солармен жұмыс жасап, бәрін тазалаймыз.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері Қаратал ауылындағы халықтың сұрауы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды көше-көшеден жинап әкететін компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табуы тиіс...

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов