Хабар телеарнасы

Приречный ауылындағы негізгі мектеп бастауышқа айналуы мүмкін

Жергілікті тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр. Бұлай алаңдауға негіз де жоқ емес. Халық саны соңғы он жылда төрт есе азайған. Баланың аздығынан негізгі мектептің бастауышқа айналатын түрі бар. «Олай болған жағдайда ауылда адам қалмайды», - дейді Приречный тұрғындары.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Сексен жылдан астам тарихы бар Приречный ауылы кезінде Жітіқара ауданындағы іргелі елді мекендерді бірі болған. Солай сәулеті мен дәулеті келіскен ауылдың бүгінде құт-берекесі қаша бастаған. Оған бір дәлел, мәдениет үйі үш жылдан бері жұмыс істемейді. Есігіне қара құлып салынған. «Жергілікті негізгі мектеп те жабылуға шақ тұр», - дейді жергілікті тұрғындар.  

Ауылдағы негізгі орта мектептің директоры Күлбаршын Байменова бізді білім ордасының жай-күйімен таныстырды. 1981 жылы салынған үшқабатты ғимараттың  өткен жылдары жылу жүйесі жаңартылып, спорт залы жөнделген. Оған барлығы 16 миллион тенге ақша жұмсалыпты. Қазір мұнда небары 35 бала білім алып жатыр. Келер оқу жылы оданда аз болуы мүмкін.

Күлбаршын Байменова, Красноармейский негізгі орта мектебінің директоры:

- Мониторинг өткіздік. Барлығы осында қаламыз деп отыр. Бірақ 9-сыныптың балалары кетсе, 7 бала қалады. 1-сыныпқа бала жоқ. Сол себептен 1 қыркүйекте 26 бала ғана қалады.

Талап бойынша оқушы саны 41-ге толмаса, негізгі мектеп бастауышқа айналады. Ауыл жұрты осыған алаңдаулы. Аудан әкімімен болған кездесуде көтерілген басты мәселе де сол.   

Гүлжанат Қатырбаева, Приречный ауылының тұрғыны:

- Алты баланың анасымын. Бастауыш мектепке айналса, үш баламды қайда жіберемін?! Екі баламды Жітіқараға жіберіп, бір баламды осында қалдырмаймын ғой. Мен балаларды қаңғыртып жібере алмайын.

Нұржан Өтегенов, Жітіқара ауданының әкімі:

- Біз бір жыл уақыт сұрап отырмыз. Осындағы шаруашылық қожалығы басшысы мен жергілікті әкім бар, біз аудандық билік – барлығымыз осы мектептегі баланың санын көтеру және мектепті сақтап қалу бойынша қарекет жасаймыз. Егер біздің жұмысымыз нәтижесіз болса, онда амал жоқ, 2023-2024 оқу жылы мектеп бастауыш мектеп болып қайта құрылады.

Негізгі мектепті сақтап қалу оңайға соқпайтынын мұндағылардың бәрі түсінеді. Өйткені ауылда шешімін күткен әлеуметтік мәселелер көп.

Сұрап білсек, көп ауыл тұрғынының тігерге тұяғы жоқ. Нақты айтсақ, Приречныйда 168 үй болса, соның 70-і ғана бірлі-жарым мал ұстайды. Абылай Смайылов бір кездері қорасынан 7-8 сиыр өргізіп, сүтін сатып, етін өткізіп, әп-әдемі нәпақасын айырып отырған. «Қазір жалғыз ірі қараның  жем-шөбін әупіремдеп әрең жеткіземін», - дейді.

Абылай Смайылов, Приречный ауылының тұрғыны:

- Мал ұстау үшін малға азық керек қой. Ал жем-шөпті қайдан аласың? Бір сиырдың азығын қалаға таксимен барып, қапшықпен алып келемін. Ауылдан ештеңе бермейді. Халықтың мал ұстамайтыны да содан.

Ауыл әкімінің есебі бойынша, Приречный аумағында бір серіктестік, жеті шаруа қожалығы, 11 жеке кәсіпкер бар. Аз емес, бірігіп кетсе, біраз шаруа бітіретіндей. Былтыр ауылға орталықтандырылған ауызсу желісі өткізілді. Ішкі жолдарды жөндеу жоспарда бар. Бірақ ауылдағы әлеуметтік нысандарды жөндеп, жаңа жұмыс орындарын ашпаса, бұл тірліктердің бәрі бос әурешілік болып қалуы мүмкін. Ал ауыл әкімі биыл Приречныйға екі отбасы көшіп келуге тиіс деп отыр. Яғни бала саны да толығады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг